06.05.2022
  130


Автор: Фариза Оңғарсынова

Стол астындағы ғажайыптар

Жақсы көрсе кітапты,
сатып алып беріңдер!
Ол кітапта əкем бар, мамам да бар, сеніңдер.
Бета апай мен Катька да (мен ғой – ұғып ал мұны!),
Дунчо деген итіміз – сол кітапта барлығы.
Бета апай мектепке күнде барып жүреді,
ол ендеше не түрлі əріптерді біледі.
Көктемде де жазады,
жаз бойына жазады, жазудан бір тынбайды,
шаршамайды ғажабы.
Əр əріпке мен үшін сурет те ол салады:
А – дегенің баспалдақ біз бəріміз білетін,
К – дегенің көкқұтан шабындықта жүретін,
С – сиыр ғой, біздерге сүт берсе екен шамалы-ақ,
Дунчо оған əлден-ақ үріп жатыр абалап.
Дунчо үргіш болғанмен, күзете алмас сиырды,
саулығы үшін біреудің жауап беру қиын-ды.
Дунчо екеуміз ойнаймыз, дəмді ас берсе иеміз,
екеуміз де шалжиып ұйықтағанды сүйеміз.
Бірлік санын жазамын,
қаламымды қолға алам.
«С» əрпін де саламын –
жетіп жатыр сол маған.
Мен дегенің кім десең,
Катька деген бір қызбын.
Ал Дунчоны білмесең,
төбетіміз бұл біздің.
Шатырашты көйлегі
мынау мамам, нұрлы ма?!
Маған күле сөйледі,
киіндіріп тұрды да:
– Жаңғақ шаққыш
жоғалды –
сарайды сен аштың ба?
– Жаңғақ шаққыш...
Ол əлгі
жатыр стол астында.
Терезесіз, төбесіз
диірмен деген сол ма еді?!
Тек есігін көресіз,
ұнтақтайды ол нені?
Жерді жапса қыс
-торғын,
сонда ойнаймыз жиі біз –
Бөлмедегі столдың
астында ол үйіміз.
Құлағынан бұраңыз –
диірменіңіз зырлайды.
Біз таңданып тұрамыз,
білмейтінбіз бұл жəйді:
сосын... ғажап!
Кісілер
қойғандай
-ақ қоралап,
шыға келді ішінен
алтын жаңғақ домалап!
Төрт доңғалақ – аяғы
бар екен
-ау! Көріңіз:
алтын күйме баяғы,
Шын айтамын, сеніңіз!
Кете берді (Түс мүлде!)
құйттай аттар жегіліп.
Тоқта, жаңғақ!
Үстіңде
отырған кім керіліп?
Ханым болар бір керім.
Қайда барар? Үйге ме?
Патша ма əлде? Білмедім.
Кім бар алтын күймеде?
Бізге тоқтай тұр, шегін,
алтын жаңғақ, дамылда!
Үстіңдегі кім сенің –
патша менен ханым ба?
Дунчо қарап тұр маған,
Айтшы, жаңғақ, нең кетер?
Саған мініп зырлаған
əлде, əлде... мен бе екем...
Сездіргендей пиғылын
Дунчо маған бас иді,
бұлғаңдатып құйрығын,
сосын жағын қасиды.
Ал мен! Зулап барамын!
Алтын күйме самғатты.
Құз бен ағаш, қамалың
тоқтата алмас жаңғақты!
Зулап алға самғаңдар,
күйме жеккен аттарым!
Күтсін мейлі алдан жар –
тек тұяқты сақтағын!
– Катька! Катька!
Жетер, тр-р...
Тұрдым тоқтап, бұл кім деп.
Күлімсіреп əкем тұр:
– Түскі асқа жүргін! – деп.
Қайда кетті жол əлгі,
алтын жаңғақ, аттарым?
Жоқ боп кетті,
жоғалды...
Іздеп-іздеп таппадым.
– Қайдағы жоқ ойынды
қайдан тауып қаладың?
Көзіңді сүрт, қой енді,
тамағыңды іш, қарағым!
Балақайым əп-əсем,
ыстық сорпа, сүт, міне!
– Қоя тұршы, папа, сен,
түсінбейсің түкті де!..





Пікір жазу