06.05.2022
  206


Автор: Фариза Оңғарсынова

Футбол

Айқай-шу біздің көшеде,
шапқылап жүрген балалар.
Доп қумай бала өсе ме,
қара тер бəрі, қарап ал.
Ұрсады бірі: «Шегінбе!»
«Тепсеңші, ей, енді бұлданбай!»
Бахром қорған шебінде
біреуді іздеп тұрғандай.
Алаңдап тұр ғой, қарашы,
қақпашы біздің Камал ма?
Ə, білдім... жоқ қой, шамасы,
капитан Əзім алаңда.
Тағы да ұйықтап қалдың ба,
қайдасың,Əзім? Сұмдық та!
Жеңілсе елдің алдында,
көрінер қайтіп бұл жұртқа?!
Жинады Камал достарын:
«Алаңды тастап аттама!
Жеңіске үлес қосқаның –
доп салсаң қарсы қақпаға.
Бафо тым қатты соғады,
Бахром, сақ бол – алда сын.
Алдап та кетеді ол əлі,
қорғаусыз алаң қалмасын.
Бұл жолы тағы жеңілсек,
Майра апай бізге күледі.
Болар деп жалқау, еріншек,
мазақтап ылғи жүреді.
Кетіңдер дейді далаға,
ауладан орын бермейді.
Қаламыз сүйтіп табаға,
балалар бізге ермейді.
* * *
Алардай мұннан керегін
үлкен де келген, кіші де.
Сиқыр ғой футбол дегенің
бермейді маза кісіге.
Майра апай өзі бастаған
жанкүйер қанша көп еді!
Ұйқысын əлі ашпаған
Əзім де шауып келеді.
Ойын да кетті басталып,
қадалды көздер қырағы.
Бірінен бірі жасқанып,
қорғануменен жүр əлі.
Ауланың кəрі, жасы да
тып-тыныш отыр кереңдей.
Күтеді голды асыға,
содан бір пайда келердей.
Біреулер ыза кернеген
«Соқсаңшы-ей!» дейді кіжініп,
ойнамай біреу терлеген,
өзінен өзі қызынып.
Келеді бір қарт адам да
бойымен ілбіп көшенің.
Жақындап қалды алаңға,
жетелеп жаман есегін.
Арқаға таңып қоржынын,
қолына таяқ алыпты.
«Не болды, – деді ол, – бүгін?»
Бұрылды, көріп халықты.
Кекшиіп есек жүрмеді,
жармасып шөптен бас алмай
(тамақ қой оның білгені,
дүлдүлдік қайда асаудай).
Қария кейіп кетті де,
салып кеп қалды басына.
Шыдамай мынау тепкіге,
ақырды есек ашына.
Балалар бəрі сесті үнге
аңырып қалды соншама:
Елейтін емес ешкім де,
ауызға шыбын қонса да.
Камал да біздің таңданып,
қақпасы қалды бір жақта.
Қарсылас тұрды қамданып,
оқсатып бір гол ұрмаққа.
Сөйткенше болмай, қақпаға
соғылды бір гол. Зу етті.
Бұл не боп кетті, масқара!
Жаралап кетті-ау жүректі!
Ұйқыдан жаңа тұрғандай,
Камал да допқа жармасты.
Қақпашы қылмыс қылғандай,
үнсіздік шумен алмасты.
Əдемі болды-ау мына доп,
Пеленің өзі тепкендей.
Қақпашыда да кінə көп,
өзі тұр қайғы шеккендей.
Шыдай алмады бұл жолы,
Майра апай тұрды орнынан:
– Есептелмейді бұл голы! –
деп еді,
шуға толды маң.
Бафоның келіп достары,
айқайлап шатақ іздеді.
– Керілдеспеңдер босқа əрі,
жеңіске жеткен біз! – деді.
Туларын алып қураған,
қарсылас кетті мақтанып.
Əзімдер тұрды ызадан
жарылуға тек шақ қалып.
Қарт цыган тұрды. Тағы да
айқайлады есек қаттырақ,
Маша апай келіп жанына,
сыбады шалды жақсылап:
«Ауырып өлгір шешектен,
тыным жоқ екен саған да!
Жер құшып қалғыр есекпен
келесің неге алаңға?
Есегің мына бүлдірді,
жоқ енді саған кешірім.
Жеңіліс біздің бұл күнгі –
есектің, сенің кесірің!»
Жарқырап аппақ тістері,
Цыган шал тұрды мұңайып.
Бұл есек қылмыс істеді,
тартуға тиіс шын айып.
– Ендеше, мұны, ағайын,
жояйын барып қазір-ақ.
Тек мен де ойын қарайын
сендермен бірге азырақ.
Футболды керім ұнатам,
жатырқап, мені қумаңдар.
Араңда жүрген бір атаң
болайын мен де, туғандар!
Аяныш тұнып жанарға,
Маша апай оған қарады:
– Келіп тұр, – деді, – алаңға,
қызықты ойын бар əлі.
Есекке енді алданба,
Қызықты ойын əлі бар.
Адал дос бола алғанға
ортадан орын табылар.
Қоймаса есек айқайды, –
деді апай, – көзін жойсаңшы.
Ұқпаған кезде айқайды
құлағын тартып қойсаңшы.
Құлағын қағып қалбақай,
ұққан жоқ сөзді жануар.
– Атың кім, ағай? – деді апай.
– Есімім менің – Данияр.
Ертең де осы алаңда
боларын ойын білді ол да.
Данияр ағай қарауға
келетін болды футболға.
Кешіріп есек айқайын,
достасты бəрі жарасып.
Доп құмар əлгі бар қауым
үйді
-үйге кетті тарасып.
Келесі күні қалада
гулесіп халық жүр бəрі:
команда құрған балалар,
футболды аула туралы.
Талайлар оған бармақшы,
ойнайды дейді тағы да.
Анау бір үйдің ауласы
нан дүкенінің жанында.
Жарнама ілген, қараңдар,
болады футбол алаңда.
Біреуі оның балалар – «Жас тұлпар» атты команда.
Тəртіптің мұнда бəрі бар,
ойынды бұзған кетеді.
Майра апай жəне Данияр
төреші болмақ екеуі.
Күнəсін жуды кешегі,
есек те асты пайдаға.
Данияр мініп есегін,
хабарлап жүрді айнала:
– Келіңдер футбол қарауға,
шақырып жүрміз бəріңді.
Шығады ертең алаңға
мықтылар біздің кəдімгі.
Ұшады Камал қақпадан
доп келіп қалған кезінде.
Дəл бұлай тіпті қақпаған
Лев Яшиннің өзі де.
Алаңда Əли шапқанда,
өзі де допша домалар.
Жеңіліп қалған шақтарда
мұңайып жүрген жоқ олар.
Доп тисе оған болғаны,
кетеді бəрін сұлатып.
Бахром соққан голдары
пілді де кетер құлатып.
Душанбе жақты бетке алып,
ойынға мынау есті алған
жиналып жатты көп халық
Варзоб пен Рамит, Гиссардан.





Пікір жазу