06.05.2022
  126


Автор: Фариза Оңғарсынова

Айтыс

Бала:
Кейбір біздің ағалар
сөз сөйлеуге керемет.
Ал балаға қамқорлық
онша емес қой, не керек!
Біздің шеберханада
құрал-сайман болмайды.
Бізге берген трактор
əйтеуір бір оңбайды.
Қыз:
Сен жүрсең трактормен жолда қалып,
ағалар жөндеп берер онда барып.
Ал бізде іс үйретер жетекшіні
жүреді директорлар қолбала ғып.
Бала:
Доп тепсек, кең даланың шаңы да еріп,
сонда біз жалаңаяқ қалып едік.
Киеміз қашан біз де крассовка
сүйкімді, əп-əдемі əрі берік?
Қыз:
Жүрмесек əдемі боп ол бір айып,
Біз үшін жақсы киім болды ғайып.
Балаға тіккен киім бəрі бірдей
неліктен тұрады осы солбырайып?!
124
Бала:
Балғынбыз, жұмсар жай жоқ елді күшпен,
үйреніп, үлгі аламыз ерлік істен.
Ақы да төлемейміз, сондықтан ба –
келмейді жетекшілер өндірістен.
Қыз:
Ойыншық – жан серігі əр баланың,
солардан басталады талғам, əнім.
Ал бізде жөні түзу бір ойыншық
таппайсың, мен осыған таңқаламын.
Бала:
Жарқын өмір, жақсылық
біздерге де келер-ау,
балалардың мұңына
шын ниетпен енер-ау!
Өзгеріс көп өмірде,
біздің жай да жаңарар!
Іспен жауап күтеміз
өздеріңнен, ағалар!
Екеуі қосылып:
Ағаларға сенеміз,
үмітті де үзбейміз.
Соңдарыңнан келеміз,
ертеңгі ерлер – біз! – дейміз.





Пікір жазу