05.05.2022
  172


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сужүрек

Нағашымның баласы –
Айдар келді қаладан.
Үлкенсуін қарашы –
отыр үйде манадан!
Мақтанып ем достарға
«Туысқаным келді!» – деп.
Барлық бала тосқанда,
ойнамайды енді кеп...
Апасының қасынан
шықпай қойды екі елі.
Мен тыпырлап асығам:
достар күліп кетеді.
Шықпай қойды далаға,
бұғып қорқақ баладай.
Мен барғанда қалаға,
кетеді өзі қарамай.
Аттамайды бір адым,
əкесімен тұрады.
Маңырап еді лағым,
«Жылай ма?» – деп сұрады.
Бұзау көрсе, сасады:
«Мынау мені қуды!» – деп.
Қозыдан да қашады,
бұл не қылған сужүрек?!





Пікір жазу