05.05.2022
115
Көктемде
Көп сағынған көктем келді,
Нұр орады көк пен жерді.
Бала сағым жүгіреді,
гүлмен ойнап бөктердегі.
Қаз-үйректің таныс əні
ерке өзенмен табысады.
Бір-бірінен күле қашып
ақ толқындар алысады.
Терек, қайың жымыңдасып,
самал желмен тұр ымдасып.
Жапырақтар тербеледі,
бір-бірімен сыбырласып.
Гүл жамылған өлкедегі
бұталар да əн төгеді.
Қырлардағы қызғалдақтай
көктем неткен көркем еді!
2
Біздің шалқар бай даланы,
тау, орманды, сай, жағаны
мені сүйген анашымдай
күн шуағы аймалады.
Ағаш біткен құлпырады,
тау, далада гүл тұнады.
Еркелеген бөбектердей
өзендер де бұлқынады.
Міне, осылай баршалары
көктемені қарсы алады.
Дала жайнап, гүл атады,
құстар сайрап, əн салады.