05.05.2022
  179


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ақ пен қара туралы ақиқат

Сонау бір шуақты шақ, балаң күнде,
жыртылып не батқан жоқ жағам кірге.
Жұпыны тірлігіміз. Қала жақтан
ақ фартук алып келді ағам бірде.
Жиюлы кебеже, тең – жүгін ашып,
анам жүр, қыстан қалған сүрін асып.
Балалар мені қоршап, жасқанады
ұстаса кететіндей түрі қашып.
Есімнен кетпейді əлі сондағы елес,
Кішкентай өмір үшін ол да – белес.
Қырдағы сағым жапқан бұл ауылда
бұрын-соң мұндай киім болған емес.
Болар ма сол оқиға мұншама ерек,
кеткендей көктен маған нұр себелеп.
Мақтаншақ болмасам да, мақтанышым
жүзімнен төгіліп-ақ тұрса керек.
Ертемен жез қоңырау төккен үнге
асығып, алабұртып жеткенімде,
ақ құстың қанатындай фартугіме
қарады күлімсіреп мектебім де.
Көңілімнен сəулеленіп тұрды алыс қыр,
дүниеде жүйрік бар ма нұрдан ұшқыр?!
Қызыққан көп баланың ортасында
от жанып төбесінен Қызғаныш жүр.
Жұрт түгел фартугімді мақтап еді,
сол бірақ шығармады таққа мені,
Мектепте, кластарда тазалықтан
сол күндер жарыс өтіп жатқан еді.
Ұрандап: «Біз – Ленин ұрпағымыз!»
Жарасып жүруші еді жыр-сəніміз.
Класта бізге онша қосылмайтын
бар еді Аққыз деген бір сары қыз.
Əкесі – жетекшіміз. Шатынаған
əйнектей мінезі де, заты да арам.
Мұрнын шүйіретін жан біткенге
бұрылмай жатса сазға батып адам.
Ол кезде кітап десе өлеміз кеп,
жүреміз содан ғана керек іздеп.
Əлгі ағай жақсы айтсаң да кекететін:
«Сайрайсың, емтиханда көреміз!» – деп.
Бір кінə тағайын деп тəртібіме:
Аққызы ашу іркіп бал түріне,
Кенеттен, мені байқамаған болып,
сиясын шашып қалды фартугіме.
Ол үшін мені даттау – жеңіс, міне!
Күншілдік күл шашады келістіге.
Састы ма ниетінен, сиясауыт
қолынан түсіп кетті өз үстіне.
Ойлаған жоспары ма күнілгері?
Былғанып өзі де, іштей дірілдеді.
Көйлегі қоңыр еді – алдын жуған
Көк сия онша керім білінбеді.
Фартугім!.. төрт-бес ноқат таңбасы алды,
Кеткендей былғап біреу сазға, шаңға.
Ақ түстен бадырайып көзге ұрады,
былғанып дəл Аққыздай қалмасам да.
Көрінді ол тірі көзге құм салғандай,
Басымда ой: «Кетпейді ғой, жусам да, алла-ай!»
Аққыздың көйлегінен білінбейді,
тек аздап жолақтанып кір шалғандай.
Жетекші ашты сосын кесір жиын,
сөзінен ауып кетті есім, миым:
«Класты сынға, ұятқа қалдырдың сен,
қор болған сендейлерге есіл киім!».
Кластан көшіп барады бақыт нұры,
сіресіп аяқ баспай уақыт тұрды.
«Аққыз ғой сия шашқан əдейі оған!»
Айтқожа шыдай алмай атып тұрды.
Бар класс жек көретін қызын соның,
жанына жан жуымай жығылса оның.
«Мынандай староста тұрған кезде –
деді ағай, – алмайсындар бірінші орын!»
Мұғалім – құдай, оған кім үндейді,
жайым жоқ, қылғындырсын күбір мейлі.
Аққыздың онсыз да кір көйлегінен
сия ізі мендегідей білінбейді.
Ақтықтың – адалдықтың тапталды үні,
сезіндім мені ұрғандай жақтан бірі.
Фартуктің түсі қара болғанда ғой,
көрінбес еді оның да батпан кірі.
Қанша рет жудым жанға көрінбей кеп,
боларын сезгем сонда жолым – бейнет.
(Содан соң Аққыз үш жыл бірге оқыды,
үстінде сол баяғы қоңыр көйлек).
Бұл маған қазасындай Құлагердің,
«Болады, – деп сенген адам, – ұланы елдің»,
Үздік те, үлгілі боп жүрген өзім
əп-сəтте күнəкар боп шыға келдім.
Ағамның болғасын ба сыйы бөтен,
сол жайды көкірегіме түйіп өтем.
Дүниеде таза, аппақ күйде қалу –
асылы, адамдарға қиын екен.





Пікір жазу