Нүкіс
Армысың, ақынды елім, батырлы елім!
Сен маған еншілес пе ең, жақын ба едің –
енші алған егіз ұлдың қонысындай
шалғайлас жайлауымда жатыр жерің.
Өзіңмен қатар өсіп түлегенмін,
ұқсаспыз өрнегіндей жүген, ердің.
Екеуіміз қос бұтағы секілдіміз
шыңдағы жалғыз өскен бір еменнің.
Бір кештік өмір көлін дауылда сын,
досың – дос, сендік дұшпан – жауым, қасым.
Мен сенен, сен де менен аумай қаппыз,
бір туған аға-інідей бауырласым!
Естимін өзің жақтан таныс үнді,
мұңдасым, жақынымсың жаны сырлы.
Мен сені жаттан қорғап,
сен де сырттай
жүресің жыртып менің намысымды.
Ұқсаймыз егізіне бір ананың,
тілеулес сезіміңе куə жаным.
Мен сенің өркен жайып өскеніңе
шаттана қол соғамын, қуанамын.
Сақтаған бабамыздың бар асылын
ұғасың сен де мендей дала сырын.
Шолпандай жарқыраған нұр сəулеңді
шаша бер, тағдырласым, жанашырым!