05.05.2022
  131


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ашхабад

Саған бүгін – бар тілек, бар асыл əн,
аймағыңа думанды тарасын əн.
Сəлем саған
мұңы бір жүректерден –
сəлем саған Қазақтың даласынан!
Көрұғылының мұң сазын жастан ұғам,
өскем Мақтымқұлының дастанынан.
Ұямдайсың сен менің,
мөлдір көгің
Алматының аумайды аспанынан.
«Бұл қай тұс?» –
деп ешкімнен сұрамадым:
сөйлегенің, күлгенің, жылағаның –
бəрі-бəрі керемет жақын маған,
таныс маған от күнің, гүл алаңың.
Қадалғанмен көзімді тігіп мен де,
айыра алман –
қазақ па,
түрікпен бе,
мен əйтеуір ғашық боп қалдым
мына
қасқа маңдай, кең кеуде жігіттерге!
Жаса мəңгі, Ашхабад – арман қалам!
Сенде ерекше нұр құйды таңдар маған.
Сенде сылқым түнгі əлем жанды арбаған.
Мəңгі қала, жас қала, жырлы қала,
жаса бірге жылдармен жалғанда аман!
Түйрелсе де уақыттың жақ-садағы,
тынған емес жаныңның асқақ əні.
Түрікпеннің жасампаз болашағы
сенің жүрек-деміңнен басталады!





Пікір жазу