05.05.2022
  133


Автор: Фариза Оңғарсынова

Абылайдың Бұқарға айтқан жауабы

Сұңқарды сұңқар деу керек,
тұлпарды тұлпар деу керек.
Ақымақ қара қарғаны
түлкіге баулып салғалы
қыран деп баптау – күлкілі:
өлімтік көксеп құлқыны
қарқылдап қояр бір күні.
Ашылып ылғи араны,
уайымы – тесік тамағы,
жалпылдап жыртық балағы,
тойдырсаң тексіз қараны
бақ пенен таққа таласып,
жағаңа қолды салады.
Жасаған баста жаратқан
айдынды, шыңды, даланы,
ақсүйек пенен қараны.
Тегінде түк те көрмеген
шатастырады орданың
табалдырығын төрменен.
Шуылдақтарды тойлатып,
төбемдей тақта ойнатып
тайраңдататын жайым жоқ,
онан да басқа уайым көп.
Борпылдақ өзек үйеңкі,
жарытпас тегі қайың боп.
Он екі қанат ақ орда,
ой кешем – көзім салам да:
босаға – алтын төр емес;
кереге – темір тор емес;
жалпылдап арттан ергенмен
аттының бəрі қол емес.
Халық, халық дегенмен,
тобырлардың көбі – елес.





Пікір жазу