05.05.2022
  181


Автор: Фариза Оңғарсынова

Едігенің арыздасуы

Жігіттер,
маған да жетті сұр жебе.
Еңсені көтер, жүнжіме –
бастарында ойнақ салсам деп,
өлкеңді жайлап алсам деп
дұшпаның жатыр іргеде.
Біріңді
-бірің тілдеме,
күңкілдеп, күмпіп күндеме –
жауыңның сол
-ақ баққаны.
Бірлігің кетсе басыңнан
іриді халқың ашынған
атаңа нəлет дұшпаның
хақ сені сонда таптары.
Шырқырап жүріп қорғаған
қазынам, мүлкім – төл далам
таптаса сені орман
-аң
күніңнің болар батқаны.
Оқсыз
-ақ дұшпан айламен
туғызып басқа қараң күн
санасын шырмап балаңның
ұмыттырар тілін анамның,
қан сөлін сорар далаңның.
Түздерге түнеп, сыз еміп,
сақалға қатқан мұз еріп,
қабағынан елдің күй тыңдап,
қызыл алаңдарда қиқулап
ойранды салған біз едік.
Күндердің күні болғанда,
сібірде, сазды орманда,
жырақта туған жерімнен
жүздестім жемқор өліммен,
осыдан асқан сор бар ма?
Не көрдік мынау өмірден...
Халықтың қамы жанды үгіп,
таралғы тақымды талдырып
таулардан астық, шың бардық,
рақатын жанның құрбан ғып,
дұшпанның қыбын аңдыдық.
Тоқтамыс – жойқын жебелі
ел үшін туған ер еді,
тіріде басым бірікпей
кетіп ем.
Түртті не мені?
Бір қазанға сыймаған
əлі күн соған қиналам
қос қошқардың басындай;
бір шешімге келе алмай,
қабақтар бұлттай ашылмай,
(ақыл енбейді жігітке
бармағын шайнап ашынбай)
ат құйрығын кесістік,
сонда немен жетістік?
Желеу қып жеке өкпені
көрместей болып кеткелі,
қинайды ойлар көп мені:
бірлігі үшін елімнің,
тұтастығы үшін жерімнің
көкіректі құрбан етуге
батылдық бізде жетпеді –
менмендік торы шектеді.
Бір түсіп отқа, жалынға,
серігім болған жанымда,
қанды көйлек жігіттер,
датым бар өлер шағымда,
айтайын есім сауында:
сүйегімді менің жеткізгін
Тоқтамыс жатқан қауымға –
жүзімді беріп жауынға,
беткейі қаулап көгерген
Ұлытау атты тауымда,
тіріде жаңсақ бассам да,
кешірім сұрап мақшарда
көңілдің кірін жуайын,
қайғының бұлтын қуайын;
атаның егіз ұлындай,
ажырамас екі бұрымдай
жатайын қатар сол ермен.





Пікір жазу