Суреттер елесі
Келіп ем жолдар соғып, жаным жасып,
кеудемді нөсерлеткен жауынға ашып,
қия алмай тұрмын енді, қалғандаймын
Көкшеге, Сарыарқаға бауыр басып.
Келіп ем – көңіл күйреп, арман сүйреп,
өмірде – бəрі алдамшы, жалған сый деп,
ана – Арқа аялады,
жүргенде мен
көтерер еркелігімді жандар сиреп.
Шығып ап сұлу Көкше күмбезіне –
күмбезі ұялатқан күнді өзіне
көңілім – көкте,
тұрмын оралғандай
баяғы арман қуған нұр кезіме.
Сырласып жатқан шақта Дала Күнмен,
өңіне, өткеніне қарадым мен.
Көкшенің өр төсінен сексен көлді
тағы бір аралайын жанарыммен.
Кенеттен...
жан біткендей қыраттары,
таулары жақындады жырақтағы;
даланың өмір жолы қыр көшіндей
алдымнан өтіп жатты шұбап бəрі.
Тіл қатты «Оқжетпес» те маңғаз жаны,
бауырынан Сырымбеттің шам маздады...
Бір жақтан алаңдарды дүбірлетіп,
барады Абылайдың сарбаздары!
Жіктеліп халық быт-шыт, тұтанды дау,
келбеті боз даланың жұтаң, қырау.
Бір шетте
сала құлаш ақ сақалын
салалап отыр ойда Бұхар жырау.
Тыңдаумен сан заманның əнін қанбай,
елтідім сол үндерге жаным қалмай.
Тізілді көріністер,
Дала жайлы
түсірген Уақыт өзі кадрлардай.