05.05.2022
  179


Автор: Фариза Оңғарсынова

Арман

Елестейді жанбаған бағым əлі,
Сорлы жүрек сол күнді сағынады...
... Ақбөбек пен Қайыптың қызығы деп
тойлы ауылға кəрі-жас ағылады.
Балалар мəз. Думанға күлкі ұласып,
жаңа жерді жатсынып, жылқы қашып...
Көк шалғынға көміліп жас құлындар
жатса-ау, шіркін, желіде шұрқырасып!
Қыз жүрегін жігіттер байқап ашып,
отырады өзара тайталасып.
Қатар-қатар тігілген ақ жұмыртқа
отаулардың түндігін айқара ашып.
«Кетеді-ау, – деп, – жат-жұртқа ұя салып»...
Кейде келген құдадан сый аталып,
отырады кемпірлер «өріс қой» деп,
жаулық ұшын көз жаққа жиі апарып.
Сонда бұл маң түп-түгел жатпайды анық,
жолаушы да тыңдайды тоқтай қалып.
Жас күйеуді ортаға ап жеңге біткен
сабылумен жүреді нарттай жанып.
Таңданады сол тойға халық тұрып
(қызық думан көрген бе жалықтырып!),
жарқылдасып жүреді ағаларым
жиған-терген дүниені сарып қылып!
Əн-күйіңді сен бүгін бұлдама деп,
достар тұрса даланы жырға бөлеп.
Сонда біздер бақыттың толқынында
қос қайың боп, дүние-ай, ырғалар ек!
Қол жетпеске талпынар көңіл деген,
аңсауменен бұл күнді өмірде мен
өтемін ғой, құдай-ай, құсалықтан
жалғыз тамшы жас қалмай төгілмеген...
Бақыт аңсап балалық күн кешіп ем,
болмағаны-ау бармақтай бір несібем...
Бұл қапырық қуыстан құтылармын,
қалай шығам заманның түрмесінен...





Пікір жазу