Түңілу
Адайлар мені маңдайға біткен күнім деп,
қастерлеп аса мақтайтын –
аймаққа кетсе атағым менің дүбірлеп,
бетімнен бірі қақпайтын.
Сүйікті болса, еркелеу болып кететін
əдеті шығар пенденің:
бір басқа менің еркелігім де жететін,
ел еді сонда сенгенім.
«Бөбекте де арман бар ма екен» дейтін қыз
біткен,
жігіттер жүрді жыр арнап.
Оңымнан туар бақытым – Айым біз күткен
сағым боп өтті бұлаңдап.
Жұлдызы болдым елдегі думан-қызықтың,
алдыма шығар кім бар-ды.
Енді мен бүгін «күнəкар болып батасын елдің
бұзыппын»
сүйгенім үшін бір жанды.
Ата-ана қайда бетіме жел боп келмеген,
беремін дейтін тілегін?..
Əлпештеп жүріп безеді неге ел менен
жасыды-ау əбден жігерім...
Құса боп өтсе қыздары елдің сəні ме,
халқым-ау, қалай төзгенің?
Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бəрі де,
махаббатымнан өзгенің.