05.05.2022
  289


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген

Арбай ма дүниенің сыр-тұманы –
жүрегім тыншымайды, бұлқынады.
Шабыттың шідерін мен босатайын
арындап ағызшы бір, жыр пырағы!
Уақыттың тырнағы – жез, қатал демі –
болмысым болатындай жат ермегі.
Емдейін жан дертімді жусанымен
далама құйындатып апар мені!
Кетті ме баурап өзге бұлақтағы үн –
жанымнан, жыр-арғымақ, жырақтадың.
Түбінде келер-ау деп,
сені күткен
үміттің алтын туын құлатпадым.
Сан ащы тұңғиыққа батқанымда,
шер-жусан, кермек оймен баптадым ба –
десем де, орал маған,
жылқы жырым,
бір рет шын жүректен шаттануға!
Бір ел бар бұл жалғанда маған керім,
тосатын талықсысам самал желін;
ақпаны – еске салып бабам кегін,
аптабы – аймалаған анам демін.
Ол – мынау қасиетті Далам менің,
күн көрік жамалды елім, самалды елім.
Сүртілсе глобустан жалғыз нүктем,
тарылар шығар тауым, барар жерім.
Тұғырым – сұңқарлы елім, тұлпарлы елім,
тұлпармен құйғытып бір шырқар ма едім!
Қашаннан дала-сынды шексіздікке
əйтеуір жан дүнием іңкəр менің.
Түндерде ұйықтап жатып шошынамын:
тұрғандай алдымда бір тосын ағын,
сол мені шырылдатып шым батырып,
жалғаннан жоғалардай сосын əнім.
Сан күдік шырмағанда ойымды əр күн,
арманым алыс тартып, қоюлар мұң.
Тарихтың түкпірінен есітем сонда
сартылын бабам соққан сойылдардың.
Жарқ етіп сонда өмірдің ай-жанары,
жанымды үміт-сəуле аймалады;
көзімнің жауын алып
ел шетінде
бабамның жарқ-жұрқ еткен найзалары.
Татумен кермек дəмін түрлі азаптың,
туса деп ұрпағыма бір ғажап күн,
қызғыштай жерін қорып, шарқ ұрмаған
тарихта күні бар ма бұл қазақтың?!
Жат тілден, жат тұяқтан қорғады елін,
алардай мені көрсе зорға демін.
Бойымнан өткендей бір тұлпар шауып
жүрегім тасырлайды сонда менің.
Талықсып оянамын шаршап денем,
қалғандай көк айдында қаусап кемем.
Нұсқайды өмір сонда дала жақты,
ұялам өз-өзімнен сол шақта мен.
Ақ қанат ащы арманның мол күшімен,
көтеріп сан салмақты зорға ұшып ем,
тірілтті Дала қайта шаттығымды
қастерлі, қарапайым болмысымен.
* * *
Мен енді Дала жайлы əн сап берем!
«Қазақта бір ару бар Кəмшат деген...» –
Даланың бүгінгі Қыз Жібектері
қандай деп бір көруді аңсап келем.
Туғанда елдің, ердің басына күн,
қалқан қып қайғысына асыл арын,
шыға алар арашаға Адам сол деп
даланың Аруына асығамын.
Күн болып көкірегімде аунайды арман,
тұтанып алауларым жанбай қалған,
жанымда, жанарымда – қазақ қызы
қазақи кең даладан аумай қалған.
Жоғары қырда ананың бағасы бек,
алдына басын иген данасы кеп.
Далада өсіріпті қызды ардақтап,
болашақ рулы елдің анасы деп.
Əйелмен қалың халық орман бапты
екенін ата-бабам сонда аңдапты.
Қаланы, руды əйел есімімен
атауға ата-қазақ қорланбапты.
Қалатын айбарынан қыран бұғып,
алатын жүйрігімен құланды ұрып,
«Қызайлап» жауға шапқан дала ерлері
есімін ұлы ананың ұран қылып.
Ерліктің нышаны емес ас пен күші,
ел қорғау – ер жігіттің қастерлі ісі.
Жақсы əйел, жүйрік ат пен алмас қылыш –
далада батырлықтың бас белгісі.
Қыр елі болған жерде шын Ай мекен
əйелдің қабағымен шырайлы екен.
Жігіттің жігіттігін, тектілігін
нағашы жұрты арқылы сынайды екен.
Кəмшаты сол даланың қандай бүгін?
Сыйғандай маңдайына маңдайлының,
дидарын көргенімде-ақ көңіл шырқап
жадырап сала бергем, қалмай мұңым.
Жамалы өскен гүлдей күнге ұмтылып,
көзінде жатыр тылсым түндер тұнып...
Шуақты тұлғаларды көрген сайын
жандардан жиіркенесің жүрген сұлық.
Ыстығы кабинаның жүзін қарып
(үздіктің жалаушасы тұр ырғалып),
Кəмшаттың құлан көрік «кербестісі»
барады дəн толқынын бұзып-жарып.
Аймалап жел дидарын жаз арайлы
барады, ойлап үйді – бала, жайды.
өмірдің сан сұрағы көлденеңдеп,
кеудесін келіншектің мазалайды...
Əйелдік тағдыр оңай емес Жерде,
қашан да өмір-сеңде егес кем бе.
өзіңді мойындату, Ер атану –
шапқылап шығу емес белес-белге.
Əйелдік тағдыр кешу – сағымды ағын:
жар болу, ана болу жанып жаның;
диванда газет оқып жату емес –
үй іші – рулы елдің табу бабын.
Шай қойдың, малды сауып, қамадың да,
баланың үй жұмысын қарадың ба?
Кір жуу, қонақ күту, ең бастысы
қамын жеу сырқат, кəрі ананың да.
Тірліктің адамды үгер қалың табы
алдымен əйел жанын ауыртады
жəне бар – мынау қасаң дүниеде
нəп-нəзік əйел болып қалу тағы!
Жер – адам,
Адам – Жерге адал серік,
бөлінбес қалғанда да жанар сөніп.
Бидайлы дала да бір бала жаны –
бақпасаң, баптамасаң, қалар семіп.
О бастан ырыс өнер, тұқымды елеп
нəр берсең,əр собықта мықын бөлек!
ұрпаққа, сəбиге де
дəн-дақылға
көрсетер аялы еңбек, күтім керек.
Бермесең сəби жатқан құрсаққа нəр,
тіл семер қапелімде, жыр тапталар;
ертеңге, қуаң жылғы егістіктей,
халқыңнан қансыз, жансыз ұрпақ қалар.
Жүректер махаббаттай Күн құшты да,
өмірге сəби келді. Бұл күш – мұра.
Балаға нəр бермеген –
ата-анаға
ешқашан кешірілмес қылмыс, күнə!
Жер – бала, диқан – ана: көрме ғажап!
Дəн орсаң, ұмыт болар көрген азап.
Тамырға топырақтан нəр сіңбесе,
қауқиған дəнсіз қауыз – желге мазақ.
Бұл –дана табиғаттың тəлімі-ау бір,
ойласаң, əр құбылыс – жаныңа нұр;
үңілмей жалғыз ұлдың жан күйіне,
кейбіреу күндіз-түні сабылар құр.
Əйелге сəбисіздік – жаза-қайғы,
тірілей көрген бейне қазадай-ды.
Сəбилі үй – сайранды өлке. Əр баланың
тағдыры ана жанын мазалайды.
Аналық парыз – тағдыр. Атақ, əнің
түк емес – жан бағатын жатаған үн.
Ал, бірақ бала шіркін өскен сайын
бейнеті арта түсер ата-ананың.
Шүкірлік, Гүлжан, Гүлшат – қос шынары,
қос ұлан – Сырым, Асқар өсті бəрі.
Жан көркі ата-ананың жақсы бала,
алысты жақындатып дос қылады.
Еңбекте өткен əр күн, өткен əр түн
тағы бір паш еткендей көпке халқын.
Дала – Ана, Əйел – Ана қол ұстасып,
көтерген бір-бірінің көкке даңқын!
... Əкесі – көрмей қала, тар көшені,
қырда өскен.
Дала жандай жолдасы еді.
Қазақтар мұндайларды сөз еткенде,
«Малменен көзін ашқан жан», – деседі.
Ұлдарға əке айбары, ары бөлек,
Кəмшаты жақын еді жанына бек.
Жылулы ошақ еді,
ажал құшты
отасқан он сегізде жары кенет.
Кетті де,
мейірімін аңсатты ана,
жүдеу үй көз іледі шаршап қана.
Шаттығын шашып алып,
мектебінен
қайтатын болды баяу Кəмшат бала.
Өксігін басуға да келмейді əлі,
іні мен əке қамы – енді ойлары.
Əкенің қолтығынан демеу үшін
сегізді кешке оқуға бел байлады.
Жетім күй жүректе енді кетер бірге,
аңсатты ана құшақ – шекер күнге.
Қаңырап, күңгірттеніп анасыз үй
отынмен жылынбайды екен мүлде.
Басталды сонда өмірдің шын өткелі,
алқымдап тұрып алды жүрек шері.
Баяғы ерке Кəмшат тағдырынан
он үште есеюді тілеп пе еді...
«Жап-жас боп...
Тракторға?
Шырақ, тыңда.
Қиын ғой. Жетіспейді трактор да.
Сен бəлкім, жөндеу ісін үйренерсің
Гаражда?!
Трактор шын ұнап тұр ма?»
Баураса аппақ арман жастан жанды,
түбінде алар мұзды асқарларды.
Қаңтарда, жөндеу цехта,
қыз Кəмшаттың
осылай өмір жолы басталған-ды.
Түн тыныш, атты талай таңдар күліп,
космостық кемелердей самғауда үміт.
Биікке жетер ме еді,
жолықпаса
жаны жаз Темірбектей абзал жігіт?!
Есінде
бастағаны трактордан,
сарала толқын дала, бұлақ-қырман;
от алмай мотор, жалғыз ай далада
кездері қорланудан жылап тұрған;
Кездері түнде оралар, таңнан кетіп,
кей жанның жазғыруы ардан да өтіп.
«Гүлжаның шырқырауда, барма енді!» – деп
шыққаны енесінің алдан жекіп...
«Қарасаң, сұлу əйел сылаң қаққан...
трактор болғаны ма бұған мақтан?!»
Кездері ақ боранда қар тоқтатып,
кірпігін қимылдатпай қырау қатқан.
«Үй ұстау, бала өсіру – жеткен шындық.
Келінге шығу деген шектен сырғып...
О заман, бұ заманда бұл қазақта
темірге əйел мінген – не еткен сұмдық!»
Күз. Қара жаңбыр алды қиыр белді.
Орылған бидай жерде. Құриды енді.
Комбайн қақалып тұр. Бау бидайды
саз кешіп арқалауды бұ да үйренді.
Қалғандай қызық кетіп, бақ тұралап,
өзіндей, құлауға тек шақ тұр алап.
Бейнетті сол бір сəттер
күні ертеңгі
даңқтың кірпіштерін жатты қалап.
Жаны оның жақын əнге, жақын жырға,
құны жоқ, əн ұқпаса, ақылдың да!
Парасат – қимылында, қарасында,
ой жатыр қара көзде, жатыр мұң да.
Дүниеде мұңы жоқтан сескенемін.
Бармастан байыбына ештеңенің,
өмірді өлшер жылы өз үйімен,
топан су басып кенет кетсе де елін.
«Төрт бала?
Кəрі ене? Жұмыс, жиын...
Бір басқа мұнша міндет... Бұл іс қиын...» –
деп шетте, жиындарда, таңданады,
бұл болса сағынады ырысты үйін.
Үй ішін, балаларын сағынады.
Жүр ме екен тыным көрмей жары да əлі.
Күн санап, жол қарасып жүрген шығар...
Осы ойлар толқытады жанын əрі.
Сапар тұл серіктессіз жолда сенер,
талантың, алақансыз ол да семер.
Шартты ұғым «мықты» деген,
мықтылықты
танитын ортаң, елің болмаса егер.
Кəмшаттың шыққан кезде аты армандай
(қыздардың Ай мен Күні қатар жанғай!)
қуанды қазақтағы қыз атаулы
өздері Еңбек Ері атанғандай.
Қыздардың жүрегінде жүгірді үміт,
өшпейді, үміт тұрса ғұмыр күліп.
Бұл күнде қазақ біткен
қыздарына
Кəмшат деп ат қояды ырым қылып.
Ерліктен мұнда да көп бар-ды үміткер,
салды ойран кеуделерде сан бүліктер:
«Не сұмдық – əйел Батыр атанғаны
тұрғанда дыңдай-дыңдай нар жігіттер!»
Дала үшін өлшем бе екен қиқым бақыт!
өлшемді өзгерте алмас сиқырлы уақыт.
Шідерлеп шын жүйрікті,
қосу қылмыс
бəйгеге көп тұғырды қиқулатып.
Шаттықтың шалқып ашып кілтін бүгін,
мəпелеп жатыр дала жұртын, гүлін!
Даналық – дер кезінде көре білген
адамның қасиетін, мүмкіндігін.
Жұлдыздар кеудесінде жарқылдады.
Ал, өзі баяғы ойлы қалпында əлі.
Қысылар кейде: «Мұнша не істедім?» – деп,
мақтан қып жатқанда оның даңқын бəрі.
Тірліктің мен де талай сырын ұқтым:
салмағы – батпан Даңқ ұлы жүктің.
Адамдық қалпыңменен қалсаң сонда,
сол болар шын белгісі ұлылықтың!
Кісілік – Даңқ күшін жеңе білген,
болсын тек астамдықтан бөлек іргең.
Адамдық абыройды алмас адам
өткінші билік берген беделіңмен.
Арлылық – ана берген Ата күшің,
сендейге атақ қуу жат əрі сын.
Нағыз ер армандарға ұмтылмайды
орден, не жеке бастың атағы үшін.
Айналып жүріп бүгін ғарышты мың,
тарихтың шолам кейде алыс нуын.
Келеді қазақ қызы тік көтеріп
қашанда халқының ар, намыс туын.
Ғұмырын бастағалы тағдыр-далам,
тылсымды сынақтарға салдың, заман,
ешқашан елін, елдің азаматын
ұятқа дала əйелі қалдырмаған.
Айналған кіндігіндей Жер-нүктенің,
тірлікке ақ сүті мен ем ғып демін
келеді əйел жалғап даласының
тарихын, құмға сіңген ерліктерін.
Халқының тілін, салтын, əн-асылын,
ту ұстап, жер қорыған бабасы кім –
ұрпаққа жалғастырып келеді əйел
ертегі ғасырларын даласының.
Ой жырақ, шырмауы мол бұл күндерде,
кей сəтте сан тыйылар күлкім демде:
қазақтың еш əйелі қаратпапты-ау
тарихта ұрпағын, не жұртын жерге.
Болғанмен не заманнан Арқа құтты,
мұнда да қылыштардан қан тамыпты.
Жастанып боз жусанын даласының
тұлпарын Тұмар ханым қаңтарыпты.
Далада əйел өткен қанша мықты:
Динасы күймен төксе бал шабытты,
Ерлерше елін қорғап Əлиясы,
Майрасы əуелетіп əн салыпты.
Күн туса еліне, ұлдар жан сақтар ма –
өмір мен өлім кешкен тар шақтарда,
Даланың ары болған апалары
рухын сіңіріпті Кəмшаттарға.
Барады сүйреп алға арынды уақыт,
сəттер жоқ тыныстауға, дамылға түк:
даланың кере қарыс тарих-томын
жүр бүгін Кəмшаттары қалыңдатып.
Өлкеме ырыс нұрын тосқан Ай, Күн,
нəр берер перзентіне оқшау айдын –
ұл-қызын ақын еткен, батыр еткен
қашаннан жомарт жері Қостанайдың.
Сыр сандық – қойны дала-қарияның,
қастерлі киесі бар əр ұяның.
үкілеп ұшырған-ды осы дала
қазақтың жыр анасы – Мəриямын.
Жұтумен сағынышты сəттің демін
шаршаған шарлағанда жаттың жерін,
шинельге сыймай келген жырды ақтарып
өткізген мұнда Сырбай ақ түндерін.
Бүгінгі ұрпағын да арман күші
тартуда, аласартпай заңдар мысы.
Қалса, – деп келеді ұрпақ, – өз мəнімен
даланың қасиетті бар болмысы.
* * *
Съездер сарайы іші. Нұр – бедері.
Айбары дір еткізіп тұр денені.
Шешендер алмасқанмен,
қалар мəңгі
Кремль, оның тарих-мінбелері.
Жетелеп жүректерін үмітті арман,
дүниені тазартуға былықтардан
жиналды коммунистер – жалын жандар
нəр алған дауылпаздық рухтардан.
Жылжымай жалғандықтың қой тастары,
əділет қашан Жерде айқасқалы...
Шындықтың мінбесіне шығып бүгін
даланың Кəмшат қызы ой тастады.
Жер – бесік, Адам – сəби, Күн – анамыз,
Күн-ана мейірімімен қуанамыз.
Қашанда Жер-бесіктен – жыр-бесіктен
жақсы мен жаман жайлы туады аңыз.
Торласа əлемді бұлт өрт өріліп,
өшеді жаяушамдай өркен-үміт.
Бесіктей бауы үзілген
тұңғиыққа
құндақ-Жер кетер сонда төңкеріліп.
Тірліктің қойса адамзат нұрын бөгеп,
қырқылар қара жерде ғұмыр кенет.
Қызыл сөз – дəнсіз собық. Қызыл жерге
нан керек, жүректегі діріл керек...
... Қара бұлт құрсауласа Жер-бесікті,
ақиқат аласұрып сең кешіпті.
«Бозторғай қой үстіне жұмыртқалар»
кезді іздеп даладағы ел көшіпті.
Дəн егіп, бала өсіріп, от жағыпты
(жауығып келгенді, рас, оққа жықты),
қарттарын қадірлепті қыз баладай,
аталық сөзге сосын тоқталыпты.
Даланың жаппаса да төсін егін,
жарасым іздеп өткен көшіп елім.
Ол бірақ тойған жерге тамыр жайып
бөспепті: «Отаным, – деп, – осы менің!»
Даламен тағдыр демін бір татуға
бел буып, шұбырыпты қырқа, құмда.
Көшпепті бірақ жаттың жайлауына
даласы айналса да қу тақырға.
Сол болмыс, қасиетті арқалаған
ұрпағын медеу етер марқа далам.
өз мəні, өз əнімен туған жердің
тауы асқақ, таңы нұрлы, шалқары аман.
Ұрпақтың арымен жер таң шырайлы,
ойымен, өрісімен халқы да əйгі.
Төгілген тамшы тері ұл-қызының
жұлдыз боп даласында жарқырайды.
Сіңіріп туған жердің нəр асылын,
əн-жырын, намысы мен нала, сырын,
көтеріп бара жатыр Кəмшаттары
тағдырын, тауқыметін Даласының!





Пікір жазу