05.05.2022
385
Әйел
Ей, адамзат!
Кара жерге гүл еккен,
қара орманды күл еткен!
Тыңда мені жүрекпен!
Тыңда мені, сан жұрттар!
Кең əлемде кеуделерде тарлық бар,
тұтастық бар, қалдық бар,
бар əлемде, қара жердің бетінде
соғыс жайлы жарлықтар.
Дүниеде ұзын қолды үстем бар,
шарасыз бір күштер бар,
махаббат бар, құрлықтар бар, түстер бар.
Жанартау бар, жарылу бар, дүмпу бар,
сəнді үйлерде күңкіл бар,
атпай, аспай құрту бар.
Адалдық бар, мейірім бар, зорлық бар,
қайратыңды қайнатады қорлықтар.
Ұлылық бар, даналар бар, мұрат бар,
шың аталған қырат бар,
терең жатқан бұлақ бар.
Бірақ соның бəрінен
биік тұрған бір күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол – нəзіктік,
мəңгі шуақ, нұры – құт,
сарқылмайтын жылылық,
ол – тірліктің қуаты –
ƏЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ!