05.05.2022
  112


Автор: Фариза Оңғарсынова

Кларнет

Қарайды гүлдер үлбіреп
майысып майда дірілден,
сағыныш əнін жыр-жүрек
төгеді мөлдір бір үнмен.
Сұлулық үшін жаралған
табиғатта да мұң бардай,
көзінен ұшып бал арман
пəктігін аңсап тұрғандай.
Сұлулық – жүрек, жанымда,
табиғат берген азық қып,
орайтын өртеп жалынға
жанымның көркі – нəзіктік.
Бұрқағы жиі заманда,
сезінбес Күннің ыстығын,
шашайын салқын ғаламға
жүректің сəуле-ұшқынын.
Қалдырғай (сонда мұңым кем)
табиғат-ана – құндағым
жүректен ескен үнім мен
жанымның нəзік нұрларын!..
118
* * *
Əлем.
Дыбыс əлемі.
Қуатты ырғақ.
Қуатты ырғақ тірлікті мұрат қылмақ.
Қай заманнан, қашаннан адамзатта
жер атты бір-ақ құндақ.
Бір құндақта ырғақтар қақтығады,
бөлісе алмай тірлікті – тақ-мұраны,
жер бетінде алмасар күз, көктемдей,
алмасады жоқтау мен шаттық əні.
Бірақ өмір – көкорай, шуақ күндер,
жұлдызды əлем, шолпылы бұлақ, түндер
шақырады сағымдай өмір-өрге,
шақырады ертеңге қуатты үндер.
Қайрат құйып жандарға ғұмыры – мұң,
тіршілікке ұрандай жырым, үнім,
паш етемін ұрпаққа, кең əлемге
заманымның, елімнің ұлылығын!
Меңіреу күш соқса да тасқа жанын,
тынбайды өмір – мəңгілік асқақ ағын.
Шырқайды адам тіршілік салтанатын,
жеңістердің қайтадан бастап əнін!





Пікір жазу