05.05.2022
  161


Автор: Фариза Оңғарсынова

Оркестр

Қилы күнді көп кешкен халқым менің,
шабытты бал күндерім
көкірегімнен күй болып ақтарылса,
ол – сенің даңқың, демің!
Туған жердің сəулетін, бұлақ, гүлін,
заманның шуақ күнін
асқақ əуен əлемге жария етсе,
ол – сенің қуатты үнің!
Елім менің, қажытқан сындар жанын,
сындардан шыңдалғаның,
əуенімнен «Елім-ай» елес берсе,
ол – сенің мұңданғаның!
Тағдырым деп армандай əн таңдадым,
əніммен дарқан жаным!
Жүрегімнің үні боп қалықтайды
сендегі шалқар дарын.
Байтақ өлкем еліндей аңыздардың,
əнім – шат, жалын – жаным.
Шабытыммен, үніммен, халқым менің,
өзіңе қарыздармын!





Пікір жазу