05.05.2022
161
Скрипка
Бал дəурен күнім бе еді,
Ай арман түнім бе еді,
ғажайып бір үн мені
баурап ап,
жүрегіме
жетті де – дірілдеді.
Ескендей нұрлы ақ таңнан,
қыз мінез гүл бақтардан
неткен үн сырды ақтарған,
тұрғандай сездім
əлем
дыбыс пен ырғақтардан.
Аймалап нұр кеудені,
жанымды үн кернеді,
шақырды гүл белдегі,
əсем саз əуендермен
тербетті түндер мені.
Түсімде, өңімде өрген
армандай сол үндерден
қиялдың көгін көргем,
күмбірлеп күй төгердей
күйсандық – көңіл кеудем!