05.05.2022
  439


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тыңдаңдар, тірі адамдар

Мезгілдің тас тасқыны,
өлімнің қақпас түні
бізді мəңгі тастады тұншықтырып,
кете алмаймыз орыннан ыршып тұрып
бұдан...
– Қанша жыл еді?
– Көп-көп жыл бұрынғыдай...
Ойлап па едік өтерін ғұмыр бұлай
жеті қат жер түбінде.
Бір ғажап елтіп үнге
өмір-бақтың қақпасын жаңа ашқанда,
таңдай қағып Күн, шуақ, ағаштарға,
гүлдерге, сандуғашқа...
балауса балғын жаста
бəрі – сұлу, бəрі – таң, бəрі – ғажап!
Майдан. Атыс. Қантөгіс. Жалын. Азап.
Керзі етік пен сұр шинель мəлеңдеген
көтерген əрең денең,
сəби – найза ұшында, досың жанып... –
мұның бəрі басталды сосын барып,
басында басқаша еді.
Өмір, уақыт доп қылып қақса сені,
мүжіледі тəкаппар тағы басың,
не бірден-ақ бомбы боп жарыласың –
амал жоқ басқа бұдан.
Бос əуре – тастағы ұран
келісімдер татулық, достық жайлы –
мұның бəрі сенімді босқа ұрлайды,
оны бізге тарих дəлелдеген,
осынау əлемде кең
сенгіштердің қаларын аузын ашып –
талайды алғаш жау оғы қалды басып...
Сенбеу-ақ керек еді
жылан-жауға бойлаған керегені –
доссынып, төсін қағып,
сендіріп, сосын барып
бір басының қанқұйлы құлқыны үшін,
сұлулықты, пəктікті құрту үшін
тірі айырып сəбиді анасынан.
Жоқ ондайға кешірім! Жазасы – қан!
Біз... біз тегі көп сөйлеп барамыз ба?
Əлі – майдан, əлі – кек санамызда,
қатал біздің сөзіміз, сынымыз да.
ұрпақ қалай қарайды мұнымызға?
Заман ғой басқа бүгін,
бəрі: киім, би мен əн, жастар, ұғым...
Бірақ бізге бəрібір – жоқпыз мəңгі,
біздер үшін шуақ та, шоқ та ызғарлы.
Сіздер ұғасыздар ма жоқ қыздарды –
Жоқпыз мəңгі.
Жоқпыз мəңгі





Пікір жазу