05.05.2022
  140


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тартады бозбаланы магнитім

Майраның əндері
Баянның бақтарында,
шың-құзды шатқалында
ерке өскен жас маралмын
шомылып ақ сағымға.
Біле алмай шамаңды əлі,
бозбала, құлшынасың,
тұңғиық жанардағы
толқынға тұншығасың!
Мергендер – көз қадарым,
танытар жігітті айбын,
бос белбеу бозбаланың
оғын да жуытпаймын!
Садақпен тартар ма адам
даланың ерке елігін.
Мекенім – дарқан далам,
жарысар жел – серігім.
Мұң жұтар жай жағада
жалынсыз жасық адам.
Мен барда айналама
шаттық-нұр шашыраған.
Алдымнан жарқырасын
ақ сəуле арайларым.
Жанарым шарпымасын,
жігітім, абайлағын!





Пікір жазу