Сайраған жетісудың Бұлбұлымын
Сараның жырлары
Арнау
Ақын Сара, саңлағы жыр-жарыстың,
шашылғандай бейуақта шыңнан ұшқын,
арманшылдау жанымды алау шарпып,
қанатымды жырыңа шыңдап ұштым.
Арман – жолда
шың-құздар өріндегі
адастырмай албырттау көңіл мені –
жалқы Темірқазығым – Махамбет те,
жыр-Шолпаным – өзіңсің көгімдегі!
Жыр-əлемде жолдар аз таң нұрындай,
зулап өтер дауылға, шаңға ұрынбай,
бұралаң жол, бұрқасын өткелімен
сендік тағдыр менің де тағдырымдай...
Бас тарттым да басқаның соқпағынан,
жол таңдадым жел ұрып, шоқ қарыған.
Адасайын, адассам,
шағылысқан
Темірқазық, Шолпанның оттарынан!
1
Сайраған Жетісудың бұлбұлымын,
айбынды, үнім асқақ, нұрлы жырым,
айтыссам, ақ бұлақтай ақтарылам,
кешпеймін кейбіреудей жыр жылымын.
Өсірген өжет етіп өлке мені,
ерлердің елдігімен көркем елі.
Жырымда найзағайдың ұшқыны бар –
тіл тартпай талай ақын өртенеді!
Жырыңнан жүректерде нұр жанбаса,
жықпаса, жығылмаса,жынданбаса,
күймесе, қайғырмаса, мұңданбаса,
жылтыңдап жайдақ судай жылмаңдаса,
жыр емес, ондай жырың – құр далбаса!
Жыршы емес,
елдің жүгін тарта алмаса,
таңдайға алмас сөзді арқандаса,
іштегі буырқанған жай тасқынын
жасқанып, ақтара алмай жалтаңдаса!
Жаныңды құрсаулаған бір ақ шабыт,
таулардан тасқындаған бұлақша ағып,
бір екпін əкелмесе жасыл жайға,
не мазам – ондай жырға құлақ салып!
Жыртпаса мұң сауытын бұлқып адам,
иығы арылғандай мың күнəдан,
жыр жанын дауылдарға бастамаса –
мың артық – жыр көгінен бір құлаған!
Құрта алмай шапқыншының сан жасағы,
азапты асыл жыр мен əн қашады.
Жыр сөзі – шындық сөзі. Қашанда да
жердегі жыр күресі жалғасады.
Күн кешсін, азап шексін құлдықта адам,
бəрібір жоғалмайды шындық тəмам.
Қашан да асылдарды «арзан» дейді
түйсігі аз, тымырсықтар жырды ұқпаған.
Даланың жазылмайды заңдары да,
бірақ бас бұрғызбайды зарла, жыла;
ақылға, асыл сөзге, өнерліге
бас иген қаһар төккен хандары да.
Алмас жыр жанарымдай жарқылдасын,
ұқсын да тау өзінің паң тұлғасын,
сезінсін дала өзінің шалқарлығын,
тынбасын, тума бұлақ сарқылмасын!
2
Жетісуым! Кең далам, жақұт далам!
Сұлулықты сендегі жат ұқпаған.
Жұмақ дəмін ең алғаш ес білгенде
жеті өзеннің бойында татыпты адам.
Жаннат жерде көрмеген таңдай қатып,
жыр жаннатын ұрпаққа жалғайды уақыт.
Жүрегіме əн құйған, жасыл өлке,
сенде туып, сенде өскен қандай бақыт!
Сезбей өстім бағыңда жел екпінін,
жырларымды тербеді желек-гүлің.
Сен сіңірдің қаныма туған жерді
қалай сүйіп өтудің керектігін.
Кернегенде бұлбұл үн дала таңын,
жыр маржанын жұртыма таратамын.
Даңқым кетсе үш жүздің даласына,
сендік – менің жырым мен бар атағым!
Ағыстармен алысып жыр өткелде,
шарықтайын, шалқиын түлеп мен де,
жырларымды жеті өзен қайталасын,
сыбырласын самалың жүректерге!
3
Шыңдарға көп қарадым,
қызықтым заңғарларға.
Ой қуып от талабым
атпаған таңдар бар ма?!
Тар соқпақ, жол көремін
тайғанақ шатқалдардан.
Ақ арман өңгеремін
шыңдағы ақ қарлардан.
Жаңғыртып жоталарын
шырқаймын құз басынан.
Жаныма от аламын
найзағай сырғасынан.
Асқақ бір күйге енемін
шақырып жыраққа арман.
Кішілік үйренемін
күміс үн бұлақтардан.
Құздарды құрсап алған,
етпейтін сұр бұлтты елең,
көк-жасыл шыршалардан
мəңгілік тірлік көрем.
Ұмтылам, жондарды асам,
құздармен кездесемін.
Алатау, сен болмасаң,
биікті сезбес едім.
4
Байеке, жаралғансыз нық тұғырдан,
ел билер ерлер ғана жұртты ұғынған.
Ұрлаған бір жылқыны мен төлейін –
жігітті босатыңыз тұтқынынан.
Қуарып көгал қалар бұлақ кепсе,
есейіп ер шыңдалар сынақ шексе.
Байлығы, бағы барға сөз бе, тəйірі,
жігіттің тақымында бір ат кетсе!
Толғанмен толқынданып жылға малға,
өмірдің сындары көп тұрған алда.
Біреу бай, біреу жаяу, біреу мықты...
Теңдікке дала тапшы бұл заманда.
Ел бастап, ат мінгенмен кем күн бүгін,
жарытпас, сезе алмаған ел тірлігін.
Бостандық – тұңғыш байлық бұл далада,
жігіттің қайтарыңыз еркіндігін.
Бақ деген, байлық деген – жанға қонақ,
шығады ажал бір күн алдан орап:
азабын тартқан ел де қуанады
ұшқанда алтын тақтан хан домалап.
Мейірім – басты ұраны ерікті елдің,
бір жолға жас жігітке ерік бергін.
Далада қыз тілегі қабыл ғой деп,
сіздегі мейірімге сеніп келдім.
5
Шалқыды бүгін бір думан,
əнімді мен де бастадым,
думанды көрсем саспадым,
жігітті көрсем жыр қуған
жүректі кернеп асқақ үн,
əуенімменен жасқадым.
Қызыл тіл, құздың жайындай,
шатырлап сынып, шаш жалын!
Жанынан безсін қастарым.
Туласын жүрек тайынбай,
жебесін сөздің тастағын,
шалдуар мінез, шат-шағым
тұрғанда жырдан айырмай
жатталып қалсын жақсы əнім.
Ашырмай аузын басқаның,
шаңқай түс шілде айында
жайнасын лаулап жас жаным,
қызыл тіл, жырдың жақ шамын!
6
Аққудай жүзіп айдында
жұптарын жазбай таранған,
бақытқа бөгіп бал арман,
адамның бəрі өмірге
махаббат үшін жаралған.
Қайғы-мұң түссе көңілге
қаймығып ұшар жанардан,
қызығып сонда қарар маң.
Тұмансыз атар таң алдан,
қатерлі, қауіп жерлерде,
қиындық басқа келгенде
құландар сатпас сыңарын,
қалдырмас жауға тұрағын.
Қос аққу-сынды сендерге
жарасым, жастық бер, күнім,
салма деп мəңгі жер жүгін,
болма деп бақыт кемді-күн
батасын берді ел бүгін.
7
Уа, жарандар, жақсылар,
жақсылар сөзді топшылар,
қадірі болса халқына
азамат
-ерге бақ шығар;
тақырдың көркі қақ шығар;
əділет кетсе хандардан
халқына шаттық аз шығар;
жазықсыз көзден жас шығар,
бірлігі тайып басынан,
ірмекті сүттей ашыған
абыройы елдің шашылар,
жаулары таптап басынар.
Табалап сонда жат сынар,
табанға салса тас сынар,
балтаға тисе басты ерік
талқаны шығар жас шынар.
Алауыз болса ағайын,
қақырар қара шаңырақ,
ұрпағы кетер жамырап.
Қайғыда келмей қасыңа,
бақ құсы қонса басыңа
жаныңа жетсе асыға –
жауың боп шығар түбінде,
ондайға сенбе, жүгінбе!
Далаба дауға дала бай,
ақылмен аңдап қарамай,
өкпелеп кеткен баладай,
қарыстай қара жер үшін
табылмай титтей келісім,
шулату бекер ел ішін
жараспас жайсаң жақсы ұлға,
қара бас қамын күйттеген
жат қылып жандай жақынын
шалғайға тігер шатырын.
Азамат атқа шапқанда
қыспаса жұрты тақымын,
күңкілдеп тұрса ақырын
береке кеткен ел болар,
дұшпанға таба, жем болар,
тасқынның алдын тоспаса,
алапат асау сел болар,
жақсының көңілі кең болар.
8
Қызы едім Тастанбектің, атым – Сара,
дарамын туа біткен ақыл, сана,
еркінмін, нəзік жанмын, тəкаппармын –
осылай тəлім берген ақылшы ана.
Жаны ізгі жақсыларға жырым – несіп,
аққудай жүрмін айдын нұрын кешіп.
Жеңгелер, сендер осы неге бүгін
жанымнан шықпайсыңдар күбірлесіп?
«Күйеуге?» Қызық екен мыналарың,
бұл жайлы мен ешкімнен сұрамадым.
«Ұят қой?» Маған қазір қымбатырақ
мынандай күйеуіңнен бұлақ-əнім!
«Не дейміз?» «Жазымыш қой!» Жыла, жаным!
Жаны – жат, керең кеуде – бұл адамың.
«Жақсы ауыл?» Ауыл жақсы қай кезде де,
қажетсіз ақ ордалы құдаларың!
«Отырып...» (Түу.... көнеді-ау бастан өтсе).
Табамын өзім қатар жас – керексе.
Бұл не сөз, құдайым-ау! Сендер үшін
өзгеден менің жолым басқа емес пе?!
Қыз кетсе – əуелі оған жас ұнасын,
жек көрем өзін, түрін, шашы, басын!
Көрмеген қыз жылатып атам қазақ,
жоқ жерде сендер неге басынасың?!
Қайда əлгі ағаларым!
Шақыр бермен!
Аялап алақанда, жақын көрген.
Көрмеймін күйеуіңді, жүре алмаймын –
тұншығып, жасқа толып жатыр кеудем.
Басыма тағдыр құрық салды ма шын,
арнайтын аға біткен бар мұрасын,
көтеріп ат үстінен алушы еді,
жылатып қоя ма енді қарлығашын?
Ағалар – асқар тауым, сүйенгенім,
осы ма жасын отқа күйер жерім?
Маңыма жақындамай құрып қалсын
дəл мұндай жаны соқыр күйеулерің!
Кешсе де қиын жолда ызғар, батпақ,
далада əйел сүйген, қызды ардақтап.
Таңдаймын қалауымды! Еркімді бер
табамын дала кезіп, құздарды аттап!
9
Үш жүзге даңқы кеткен Сара басым,
сазымен табындырған дана, жасын,
айтысып əлек болған талайлардың
тірідей оқытқанмын жаназасын.
Айтыста келе алмады маңыма адам,
елімнен жанға қуат, жалын алам.
Топан-жыр төгілгенде
ақын біткен
тасқында ыққан қойдай маңыраған.
Далада атады əлі таңдар күліп,
нұрымен аялайды арманды үміт.
Соңымнан ұрпақ келер жас қырандай
кететін жеке жортқан арланды іліп.
Келер жас ой теңінен шашса жақұт –
жоқ менде басқа тілек, басқа бақыт,
құландай құрық көрсе шығандаған
соңына от тұяқтан тас боратып!
Даланың көз аштырмай ақ шаңдары,
өнерді соғар талай тас, жарға əлі...
Аялап еркелеткен елі барда
ақынның болмақ емес басқа арманы.
Тартқандай шатқалдармен құзға дара,
жыр жолы оңай емес қыз балаға.
тағдыры – толқындағы тал қайықтай
сең ұрып шырқ үйірген мұз жағада.
Өнерге жат жасанды, жалған қылық,
қараңғы көңілдерде шам жандырып,
шындықтың ащы үнімен, тəтті үнімен
жаулайды дүниені таңдандырып.
Жыр-сəуле тұмандарда түн аптаған
жақын кеп жанды еліткен, жырақтаған.
Шабыт та – шəлкес мінез, шідерді үзіп
жылғада жортып жүрген бір ақ табан.
Ақынның жүрегі мен сыры – жырда,
кешеді ойдың тасқын, тұнығын да.
Жан күйі кейде дауыл, кейде нəзік,
көп жұрттар ұға бермес қылығын да.
Өргенде ойдан қашап сөз өрнегін,
қан жүріп, төгіледі өлеңнен үн.
Тыныштық рақатын тұл қып ақын,
өмірін арнап соған берер демін.
10
Өтеді уақыт, өтеді өмір демде...
Қабырғасы жылдардың сөгілгенде,
мылқау мезгіл құяды мұзды суын
алаулаған сезімге, көңілдерге.
Мəңгі жасыл бақтарды қар басады,
жазғы түндей адамның арда шағы.
Мезгіл желі бағытын тез өзгертіп,
тақсырлар да, тақтар да алмасады.
Түтесе де уақыттың ұшқан шаңы,
адамды алға өмірлік күш тартады.
Бір-бірінсіз күні жоқ жəне адамдар
бір-бірінің ғұмырын қысқартады.
Көл тартылып, жанартау өртенгенмен,
тіршіліктің заңдарын Жер теңгерген.
Тылсымдарда тұншықсын, бірақ та адам
нұр сəулелер күтеді ертеңдерден.
Тек үміттің отымен ғұмырлы адам,
бұл – тірлікте бүгінгі, бұрындағы əн,
тыныштықта жаны жай күн кешеді
құламаған, тасқынға ұрынбаған.
Далаға жат көлеңке, күңкіл, күдік,
жанға мəңгі нұр шашып бір күнгі үміт,
ұнатады қырдағы ел
найзағайлар
түнектерді түргенде сілкіндіріп.
Дүбірлерден жатады қыр жаңарып,
сілкіністер күтеді мұнда халық:
қан тулаған жүректер елеңдейді,
арғымақтар өткенде зулап ағып.
Өмірің де – шырқайтын жалқы бір əн,
əуенінен өрт екпін, қарқын ұғам.
Аққан жұлдыз секілді ғұмырың да,
мəңгі ұшқындар қалсын тек жарқылынан!
Арғымақтай өтсе де ғұмыр ағып
(бұл – ежелден тірліктің сыры қанық),
адам мəңгі жалғайды үміттерді
бір-бірінен көкпардай іліп алып.
Мезгіл көші жылдарды алмастырып,
өтеді өмір, менде де қалмас тұрып.
Жырым қалсын жанымның ұшқынындай
жүректердің үмітін жалғастырып.
11
Көңілге өкпелемеймін
шаттыққа бөлемедің деп,
сыр маржан өрер едім деп,
шабыттың шатқал
-құзынан
жыр
-бұлақ төгер едім деп.
Өмірге өкпелемеймін
жүргенде ерен елім деп,
ескеріп елемедің деп,
тылсымды жыр
-теңіздердің
тұңғиық тереңі едім деп,
жердегі сан жұлдыздардан
мен тіптен бөлек едім деп.
Наз айтпан төрешіге де
өгейдей алалағаның деп,
тым арзан бағалағаның деп,
елімнің еркесі – мені
жүлдегер санамағаның деп.
Өзіме өкпелеймін:
күнгей ғып сырлы жалғанды
жабыққан мұңды жандарды
адамдай тапқан мұратын
күлдіріп шаттандыратын,
шуақты жырларым аз деп,
халқыма бұлдарым аз деп,
сосын от жылдарымда мен
найзағай жырларымменен
жылмаң жүз, күңкіл кеуденің
көбесін сөкпедім
-ау деп,
сөйтіп бір өтпедім
-ау деп
өзіме өкпелеймін.
Шығанға самғағанда бұлбұл үнім,
серпілген «байтал, бəйге» – шынжыр ұғым.
Ақындар жапалақтай жер құшады
шалғанда қыл мойыннан жыр-құрығым.
Алқынып атқа қонған сансыз жігіт
қалатын айтысқанда жансыз бұғып.
Арқаның аты шулы Біржанын да
жібергем ащы терге малшындырып.
Жүргем жоқ аз тобырдың тауып тілін,
тақпай-ақ қойдым соның даңқ гүлін.
Ұқпаса ұқпас мені кей кеуделер,
халқыма жетсе болды шабытты үнім.
Сəуле – жат, бұғатындар жай жылымда
күңкілмен көме алмайды Айды құмға.
Халқымның маған деген сезім селі –
даңқым да, бақытым да, байлығым да.
Жыр дарып, бұйырмаған айла маған,
кейде, рас, бармағымды шайнап алам.
Жалпылдап жағынумен
барлық жұртқа
жақсы боп көрінеді жайдақ адам.
Өлсем де, мен бұлайша көріне алман,
дəл содан қонбаса да қолыма арман.
Аз күндік шекпен кисін –
ондайлардың
өнерде, өмірде де жолы жалған.
Бағым деп таңдамадым байдың ұлын,
жаны ынтық жақсылармен жайлы күнім.
Ақбоз үй арғымағын мінгізбесін –
алдымнан тосады елім сəйгүлігін.
Туған ел, еркелеттің, жасқамадың,
өзіңмен көңіл – көктем, асқақ əнім.
Самғатқан жыр-құсымды
махаббаты
ақ ниет аяулы іні, жақсы ағаның.
Қашаннан сеніп өткен дала жырға,
шаттықта, шайқас толы сан ағында.
Қан тамған қара жерге əн де сіңген,
сол жөргек мені өсірген балап ұлға.
Ел барда мойыл көзден тамбас мұңым,
Алатау асқарымен жалғасты үнім.
Шырқайын – ұрпақтардың жанарында
мəңгілік жарқылдасын алмас жырым!