05.05.2022
  368


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жастық шақ туралы элегия

Жарау күндер зулайды, оралмайды,
дамыл көрмей самғау да оған жайлы.
Жастық шақты от жылдар алып қашты,
жете алмадық, ұрттадық содан қайғы.
Жеткізбейді мезгіл-жел дара шалқып
(қол жетпеген нəрсенің бағасы артық),
төбешіктен жасайды қия шыңды,
құз, тауларды мүжиді аласартып.
Өктемдікке құштар бұл дарқан уақыт,
тарихқа да қояр жүк арқалатып.
Балапанды самғатар қияларға,
қарт қыранның жанарын қанталатып.
Заңы да бар мезгілдің сынар тағы,
жылатып ап, сəбише қуантары.
Бір кез айдын шалқыған ну даланы
көрмегендей тамшы су қуартады.
өмірде ылғи жүрмейсің бақта күліп,
не сайрандап алаңсыз атқа мініп.
Тасып кетсең, менменшіл уақыт деген
ес жиғызып алады жақтан ұрып.
Екпініне сені де орап алып,
уақыт өзі шыңдауы, соғары анық.
Сонда уақыттың тезіне төзе алмасаң,
мұрттай ұшып қаласың домаланып.
Жүгіресің тағы алға ұшып тұрып,
жұлқынғандай бір дүлей күш ықтырып.
Сен қарайсың ызамен, таңданумен
сүрінбейтін жандарға мысық қылық.
Тірлік-мұхит жатады шалқып ағып,
сүйрелейді – мейлің сен қалтыра, бұқ.
Шапқылайсың сонан соң бұл өмірдің
қызығын да, қайғысын қарпып алып.
Жығыласың, жылайсың, ысыласың,
қуанасың, күлесің, тұшынасың.
Қайта оралмас жастықтың бұла құсын
қимастықпен қиналып ұшырасың.
Солай өктем уақыттың пысы басым.
Минуттардың қадірін сонда ұғынып,
тез-ақ өткізгеніңе қысыласың,
тағы аңсайсың көктемді, бұла шақты
(жастық кетсе – көңілдің қысы басым).
Айлы кеште албырап əн-сағымға
сүйе алмадық қыздарды бал шағында.
Жүрек, шіркін, сыздайсың, тұншығасың
қасіретте қан кешіп шаршадың ба.
Уақыт жүйрік. Ол рас. Заңды бұ да,
бірақ, жүрек, таста сен зарды мына:
біз жастықты ұлы іске арнағанбыз
ұрпақтардың, халықтың тағдырына.
* * *
Күтеді ана,
күтеді жалғыз ұлын,
қайғы өрнегі торлаған əрлі жүзін.
Жаңа өмірдің жолында құрбан болған
көре алмады арманда жар қызығын.
өсірді ана
жалғыз ұлын – тірегін, жұбанышын,
соған арнап жастық шақ – жыл ағысын.
Жалғызымның қызығын көрсем-ау деп
соны ғана тағдырдан сұрады шын.
Жарсыз жалғыз...
Мөлдір арман жырақтап, былғанды үміт.
Жас кеудеде жатса да мұңдар бұғып,
бəрін-бəрін тұл етті сəбиі үшін
албырт шақтың құмарын құрбан қылып.
Жас кезі еді.
өтіп жатты бей-жай боп түндер тымық.
Күндер ұмыт шалықтап жүрген күліп.
Бұл көрінсе көз қыры түсе ме деп
жігіт біткен қалатын бір желпініп.
Нұр жанарға
ерте кешкен қайғыдан мұз жабысқан,
кейде күлкі орнына ызғар ұшқан.
Жиын-тойға барса егер,
жас əйелдер
қызарақтап қалатын қызғаныштан.
Бір еркекпен сөйлессе,
өсектейді əйелдер таң атырмай
(кейде адамға жабысар жала тынбай);
қызғанады бейшара күйеулерін
қапелімде бұл тартып алатындай.
Өтті солай жастық шақ.
Байсалдырақ болды ерте, кемелдеді.
Жалғыз ұлдың қамы еді тек ермегі.
Ана жүрек сақтады мейірімін,
əйтпесе ерте алау жан семер ме еді.
Келін келді
шағын үйді шаттыққа қарық қылып.
Қуанды ана көз жасы тамып тұрып.
Немере де сүйіп ол үлгермеді:
ел басына күн туды. Қамықты жұрт.
Ұл аттанды
қанды майдан батысқа, жырақтарға
(ол кез ерлер көрмеген сынақ бар ма!)
өткерді ана түндерді кірпік ілмей
өмір тілеп жалғызға жылап таңға.
Жылдар өтті зуылдап қыранша ағып,
сан жанарға қайғылы тұман салып.
Сонау күнгі алау жүз келінінің
кетті түгел самайын қырау шалып.
Жылдар өтті. Ол бірақ оралмады.
Қыран қайтып ұяға қона алмады.
Шашы ағарған қос əйел күтеді оны,
үміт оты сөнбеген оларда əлі...
* * *
Сарбаздар,
сан ғасырлардан
аңғалдықтан қайғы жеп, ашынғаннан,
зұлымдық пен жауыздық барын сезіп,
адам алғаш қаруды асынғаннан
бері сендер көз ілмей, жер үстінде
келесіңдер, қызықпай жеміс-түнге
тыныштыққа тұнсын деп жасыл жалған.
Жасыл жалған
бірақ та қаншама рет
азап шекті қансырап, қанша жүдеп.
ұрыстан соң қырылған өліктерді
бір шұңқырға көмісті төгіп терді...
Бірақ жорық тынбады. Таңсəрілеп
алау қанды қылыштар аңсады кеп...
Қылышта не жазық бар?
Адам оны қайраған, қанға малған,
атпасын деп біреудің таңдары алдан,
құм қаптырып кетсін деп алдағы арман,
ажал сеуіп өзі одан күн құшқандай.
Адам біткен сыйыспай қырқысқандай,
соншалық тар ма жалған!?
Дала талай
көмілген шаңға бөгіп,
жас жігіттің албырттау арманы өліп,
адамдардың бақастық ойларынан
қансыратқан Жер бетін ойран, лаң,
арыстарды тасалап қарға көміп,
аңырады арулар ардағы өліп.
Сарбаздар
тілгілеп дұшпандарын,
ел кегі үшін кеудемен құшқан жалын.
Кескілеген, қан тамған қылыштардың,
алапат ұрыстардың
жазықсыздар арқалап күш-салмағын
(əке күткен менің де ұшты арманым...).
Иə, иə,
əкемді күткем мен де
(жетім жайлы ой жоқ-ты тіптен менде)
оралар деп майданнан жеңіспенен.
Бірақ улар көп екен мен ішпеген.
Жетімдіктің тағдыры жүктелген бе
сонау жылдар əкесін күткендерге.
Көре қалсам көшеден шинельді адам,
солдат көрсем, əкем деп түйген маған
елестейтін сол болып. Үміттенем.
Ол болмайды. Мұңаям. Күдікке енем.
Көп қайғырды. Өлмеді. Үйренді анам.
Бірақ, бірақ...
ұмыта алмайды екен ғой сүйгенді адам...
Солай біздер
қоштастық балалықпен.
Біз күткенбіз əкені, ана күткен.
Күту қиын. Адам ба мұны ұқпаған.
Солдат көрсем əлі күн тұрып қалам.
əкем емес пе екен деп қадалып мен.
Айбындылар
қыран көз, маңғаз жаны,
Жер бетінде соғыстың барда ызғары
сақтау үшін Отанның бұлақ-бағын,
əділет мұраттарын
өткізіп сан көктем мен сан жазды əлі
тұрсыңдар сақ, халықтың сарбаздары.
Сарбаздар –
əр үйдегі ананың жанған бағы,
сүйілмеген əр қыздың армандары,
мұнарланып тумасын күн алдағы,
сақ болыңдар, халықтың қырандары,
қанқұйлылар барында жалғанда əлі.
* * *
Замандасым,
Жұмыр жерге қарашы:
қасіреттен адамдар бас алды ма?
Қан жұтса да зұлымдар шашалды ма?
Біреулер мəз (ондайлар ашынған ба!)
арам ойын өзгеден асырғанға.
Тынады осы тартыстар қашан мына?
өзгелердің бақытын тартып алып,
залымдар жүр масайрап шалқып анық –
ар дегенің оларда жасанды ма?
Мен таңданам:
неге біреу біреуді сорлатады,
жазықсызды жығады орға тағы.
Ал сондайлар неге көп өрмекшідей?
Қалай олар ұйықтайды дөңбекшімей,
қалай тыныш атады сонда таңы?
Əлде ондайлар жұрдай ма адамдықтан,
сырты сұлу жауыз ба қамал жұтқан?
Неге сондай жандардың мол қатары?
Осы ойлардың бəріне бас қатырып,
ойлы жанар бейуақта жасқа тұнып
қасіретке жүкті Жер толғатады.
Толғатады.
Қашан да ол тыншымайды:
жауыздықтар денесін шымшылайды,
бір соғыстың қаны əлі кеппей жатып,
бөбек ойнап отырған беткейді атып
қанға жерік қорқаулар қыңсылайды.
Қайтсін олар өзгенің қайғы-мұңын,
қайта содан табады жайлы күнін,
ары алдында қынжылып ыршымайды.
Қызығамын міз бақпас арсыздарға:
талайларды жазықсыз малсын қанға,
түк көрмеген адамдай гүл шырайлы.
Бірақ, бірақ сенем мен:
түбі шындық қалмайды тасаланып,
əділ күннің сəулесін шашары анық.
Қан жұтқандар жүрмейді басып өктем!
Келеді, рас, ол Жеңіс қасіретпен,
құрбандықпен... талайдың шашы ағарып.
Жауап береді ол сұмдар ар алдында,
жанталасып өлерде қалар мұңға,
зұлымдықтың, барлығын жасап алып.
Ұрпақтар! Есте сақта:
талайға əлі жауыздық дақ салады,
дақ салады гүлдерге бақшадағы.
Əлі талай адалдар сүрінеді,
бірақ түбі шындыққа жүгінеді,
көп болғанмен өмірдің жақшалары.
Ақиқаттан бəрі де бұлтармайды,
əділетті ешқашан құрта алмайды
зұлымдықтың көздеген жақ-садағы –
ұлы ерліктер уақыттан мұқалмайтын
қасіреттің өзінен басталады!





Пікір жазу