Қырдағы айқас
Əженің əңгімесі
Жаз қандай шіркін біздің Нарын құмда!
Ойнақтап шығады ерке сағым қырға.
Күн күліп тау шағылға асылғанда,
қосардай əрбір сұлу таңын жырға.
Жыңғылдар – шыршалы орман,
тұнып тұрған
жиекте шуылдайды қырға ұмтылып.
Тарихтың талай сырын ішке түйіп,
мекен бұл жатқан қанша жылдан сұлық.
Шілдеде Күн жайлайды көгін күліп,
жаппайды көк аспанның өңін бұлт.
Жайланып отырасың сым-жүйкені
тыныштық теңізіне шомылдырып.
Нарынның күйзелдірген елін жорық,
қаңғыртты байлар жұртты жерін қорып.
Өткен-ді бір оқиға, дəл сол жылы
түсіп ем осы ауылға келін болып.
Нұрет бай тең келмейтін болыста жан,
мың-мыңдап жылқы мен қой ол ұстаған.
Қалдырған атасының мұрасындай
жайлауын Мұңайтпастың қоныстаған.
Ертемен бай ауылда бұл жұрт керім
білмедік неге мұнша дүрліккенін.
Ақ үйлер абыр-сабыр,əншейінде
ашатын сəске түсте түндіктерін.
– Бай қызы кетіпті ғой бүгін қашып!
– Не дейді, əй? Қыз емес пе еді
бұрын жасық?!
Жерошақ басындағы жалшы əйелдер
қояды үн шығармай сыбырласып.
Тап болды Нұрет сынды байға бір мұң,
(О, Құдай, қызды бақпай,қайда жүрдің!)
Бір түнде, амал қанша, бос қалыпты
қаңырап ақ отауы Айғанымның.
Бай отыр ашу кернеп, қашып төзім,
бұл кесел жанын қинап, жасытты өзін.
Бəйбіше үһлейді аласұрып,
ұшымен жаулығының басып көзін.
Ата-ана теңесе де балаға əлі,
қыз кетті, ел-жұртына қарамады.
Не істерге білмегендей, ақ боз үйге
бір кіріп, бір шығады ағалары.
Дейді əке: «Көмді-ау тірі мына мені»...
Қайтсін де, құлақтанбай тұра ма елі.
Ата-ана сүт кенжем деп əлпештеген
бес ұлдың ортасында шынар еді.
Көп болды қыз тағдырын ойланғалы,
қыз бірақ ерте дейтін той-қам жағы.
Қайтеміз, алабұртқан пəк жүректі
жиырма жас ұрлап алып қойған-дағы!
Он жігіт атқа дереу кетті қонып,
бастады қыз ағасы Бекқұл оны.
Тал түсте бай қызына қолын салған,
япыр-ау, қандай жанның епті қолы?!
Көп екен көзбен көріп, білмеген де,
жау болды-ау қызды ауылға түн деген де.
Жалаңаш жатып ылғи жай тұратын
бай ауыл қалды осылай дүрбелеңге.
Кəдімгі жиырмасыншы жыл еді бұл,
жасарып жаңа өмірмен түледі қыр.
Əлі де байлар елде бақ түзеді,
əндесіп ақ бандымен тілегі бір.
Дабылы жаңғыртса да Он жетінің,
бүтіндеп болған жоқ қыр кем-кетігін.
Шұбырған ақ бандының қалдықтары
биыл жаз бермей қойды елге тыным.
Нарынның жорықтардан қашты реңі
елде əлі жасақшылар тапшы да еді,
Манашта милиция бөлімінің
Қайыржан Молдағұлов бастығы еді.
Сəске түс. Құмдар қызып жалындады,
(О, Нарын, қысың қарлы, жазың жалын)
он шақты үй Қайыржанның ауылы еді
отырған Сартөбенің маңындағы.
Құмында банды жүр деп Бозалақтың,
(Жетті ғой елге істеген азабы ақтың).
Соларды қапылыста ұстаймыз деп,
кеткен-ді бəрі аттанып азаматтың.
Төккенде күн сəулесін шашыратып,
құм жатты ыссылықтан басы қатып.
Ауылда жайбарақат бала біткен
отырды көлеңкеде асық атып.
Кенеттен дүбір шықты сатырлаған,
шамасы ат тұяғы-ау жақындаған.
«О не?» – деп үрпиісе тысқа шықты,
кеп қалды он бес шақты аттылы адам.
«Банды» деп ауыл түгел елеңдеді,
маңырап қозы-лақ та көгендегі.
Дабырлап келе жатыр, естіледі
«начальник», «милиция» дегендері.
Жүздері сұсты ылғи атты кісі,
асынған қылыш, мылтық, жат жүрісі.
Үлкендер бас шайқады көрді дағы,
«Бандылар болмағай, – деп, – тап мұнысы».
– Дəндеген ақ əскерін олжа қылып
Біздің «дос» қайда – шықсын Молдағұлов!
Киіз үйге телмеңдеді қазақ-орыс,
паңданған қара торы жорға мініп.
Найзамен əйелдердің түртіп ішін,
мəз болып біреулері тұр күлісіп.
«Ə» десе, ажал төніп амал құрып,
тұрды ауыл адамдары күрсінісіп.
Жапырлап аттарынан түсті бəрі,
«Көре алмай жүр екен, – деп, – күштіні əлі!»
Қазанды қатық толы үйге əкеліп:
«Тəтті, – деп, – дос шарабы», – ішті бəрі.
Төзіп көр мынау іске, болса шыдам,
(жаны ашыр тым болмаса болсашы жан!)
«Қазанын қақыратты» десін деп жұрт,
бір теуіп қақ айырды ортасынан.
– Біздерге салды балаң қандай ылаң,
түбі оны тірі айырам жан-жайынан.
Ұлыңа арызыңды айтарсың, – деп,
кемпірді қойып қалды маңдайынан.
Анасы Қайыржанның Ақкенже еді,
көрмеген мыналардай жат пендені.
«Ақ дəмім жібермесін!» – деген кезде,
офицер қылышына тап бергені.
Жауыздың жаны қаннан тіксіне ме,
(о, адам, мұндайларды күшті деме!)
Əлгіде-ақ тілі сайрап сөйлеп тұрған
ұзыннан қақ бөлініп түсті дене!
Қыз-келін, кемпір мен жас өрендері
тұр мынау бұзықтардың боп ермегі.
Қолдарын артқа байлап шырылдатып,
желіге құлындайын көгендеді.
Ауылға ақылшы еді. Өлді. Кетті.
үй ішін алқызыл қан көлдіретті.
Шошынған келін бала «шешем-айлап»,
жас тұнып жанарларын мөлдіретті.
Жарылып дене жатыр түскен сұлық,
жоқ мынау қанішерге істер қылық,
Шуласып бала біткен, əйел жағы
егіліп жыласады іштен тынып.
Барлығын (қырық шақты ең кемінде)
жатқызды қойдай тізіп жерге, міне.
– Ойынды көрсетейік, – деп қояды, –
советтің милиционерлеріне.
Бас қосып «банды» деген тағыларың,
салуда ойға келген бар ылаңын.
Киіз үйін Қайыржанның сатырлатып
түсірді ортасына шаңырағын.
– Қалмасын, – деді офицер, – қимас мүлік,
кетейік жұртын оған мирас қылып!
Бөктерді аттарына үй біткеннен
бар тəуір дүниені жинастырып.
Шығысқа жөнеп берді банды қашып,
ала шаң ауыл үстін қалды басып.
Күңіреніп Сартөбенің бауырында
бір ауыл жатты осылай қан жыласып.
* * *
Атты да шұғылалы таң күншығыстан,
арайдан қараңғылық бұлты ығысқан.
Талпынған тіршілікке қыр əлемін
бөледі сазды əуенге жыршы құстар.
Бас иіп қырдың жасыл қияқтары,
тұрғандай жаныңа əсем күй ақтарып,
нəп-нəзік қырдың гүлі албырайды,
алғашқы балғын сезім сияқтанып.
Күн шықты жанарынан нұр атылып,
құм жатыр бұйра жондар шұбатылып.
Жартыкеш ай барады жаутаң қағып,
үйінен кеткен қыздай ұзатылып.
Тұнжыр түн ұйқылы-ояу таңға ұласып,
қыр жатты тəтті ұйқысын қалғып ашып.
Əлемде тек екеуі секілденіп,
отырды қыз бен жігіт албырасып.