05.05.2022
  359


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қыз сөзі

Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып, талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ далада тек екеуіміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам, шырын сəт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Сен жанымда жүрдің де,
жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
Тəттілігін сезіндім бұл өмірдің,
əр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен-дағы жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бəрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.





Пікір жазу