Ағалар
Сүйсініп сөз еткенде тұлғаңды əркім,
мен талай мақтаныштан нұрланғанмын.
Аққудай жеңгелерім жандарыңда,
көркі боп жүруші еңдер думандардың.
Селт етпей өмірдегі даң-дұңдарға,
жүрдіңдер елді бастап жаңбыр-қарда.
Асылдың сынығындай ағаларым,
қарттыққа сендер де бет алдыңдар ма?..
Өзгермей мейлі көктен Күн құлай ма,
сендерше сертке тұрар құрбы қайда...
Баяғы шуақ шашқан нұрлы көздер
бұл күнде көзəйнексіз бұлдырай ма?..
Зырлайды уақыт, одан озар ма адам,
өзгертер өңін талай гөзал далам.
Сабырлы, сырбаз еңдер шеттеріңнен,
қызығып қыз-келіншек көз алмаған.
Жақтырмай жылмаңдарды көзге күлген,
мұзбалақ қырандардай сөзбен ілген.
Жасқа – аға, үлкенге – іні бола білу
керегін ұрпақ түйген өздеріңнен.
Қалбаңдап шыққанменен күліп алдан,
адамның мəні өзгеріп, түрі қалған.
Қисайса, хан келсе де, түзелмейтін
қыңырлау мінездерің – бүгін арман.
Ойлайтын бала жанын, дала қамын,
Сіз барда нұр құяды санама күн.
Жерімнің байлығындай, Ай нұрыңдай
алдымда жүріңдерші, ағаларым!