Шаңырақ
Бас қатырма баққа да, бұйымға да:
тірліктегі жұмағың үйің ғана.
Шатынап тұр, ал, менің шаңырағым –
келін жуас, қыз ойсыз, қиын бала.
Жабуға əзір қымтанып қақпаны ерте,
бірін-бірі менсінбей – жатқан ерке.
Бірлік жоқта байлық та берекесіз,
бауырмалдық болмаса, бақ та келте.
Атамыз да, деп жүрген жайда, мықты
пəтуасыз бір шалға айналыпты.
Ел құты еді баяғы қариялар –
бəрін бірдей қу заман қайда жұтты?!
Қырық рулы тобырдың күйі бізде,
қырқысқаннан табатын сыйымыз не?
Үлкендері – үлкенше, жасы – жасша,
жарасымды тірлік жоқ үйімізде.
Əулет едік қаймағы бұзылмаған,
сұқ өтті ме, тіл-оқ па ызыңдаған –
бір үйлі жан ашыған айрандаймыз,
құлқымызды бұзды ма құзыр-заман?!
Бақ құсы кеп басыңа қонса – күндік.
Бақ үйіңде жұмақтай болса тірлік.
Түндігінен тамшы аққан ошағымды
қалқалаймын жанымды қолшатыр ғып.
* * *
Адамның бұл өмірде құны бар ма,
құнсыздың керек емес мұңы жанға.
Көрсе де көрмеген боп тірісінде,
ие көп өлгеннен соң ұлыларға.
Жақын көп, жерлес де көп жоқтасуға –
жараған тірісінде шоқ шашуға –
Ұлыны ұр тоқпақтап, енді бүгін
досы едік, жолдас ек деп оттасуда.
Ұлының бар-ау демей жабығары,
жылары, тірісінде тарығары,
өлгесін абыройын қорек етіп,
есімін шапан қылып жамылады.
Тағдыр-ай ұлыларды жасқа көмер,
қажытар, ар аттамай аштан өлер.
Азабын өзі тартып тіршіліктің,
ол кешер рахатты басқа көрер.