05.05.2022
  122


Автор: Фариза Оңғарсынова

Аңсау

Қурай сазы сіңірген дала мұңын,
Жалаң аяқ, жамаулы балалығым!
Сенің үнің аспанға самғаушы еді,
шықпайды енді қарлығып қалада үнім.
Туған жерім қала емес, құм арасы,
құмның перзенттерінің жыр-анасы.
Қабаттары өзара ұғыспайтын
қала үйі де – Вавилон мұнарасы.
Жатақхана – тұрағым, үйім жылы,
артық мұнда адамнан бұйым құны.
Отын үйде, су үйде,
жаныңа тек
жетпейтіні даланың қиырлығы.
Жүгірмейді, жүреді ұлың жасып,
өз-өзіңнен үйіңде түрің қашып,
аяқты аңдып басасың ұрылардай,
сөйлесесің тұншыға сыбырласап.
Көршің жұқа жүйкеңді санап тұрып,
тарайды аяқ-табағын тарақ қылып.
Бейуақ үстіңдегілер би билейді,
біз өкшесін төбеңе қадап тұрып.
Тап-тұйнақтай қала үйі қайда да үлгі,
мен іңкəрмін көк белге, сайға нулы.
Жазғырады мені жұрт жылайды деп,
қайтем жаным жоқтаса жайлауымды?!





Пікір жазу