05.05.2022
  261


Автор: Фариза Оңғарсынова

Баянауыл, Баянтау

Киелі өлке, құтты аймақ,
көлбеген маңғаз таулары
басына əппақ бұлт байлап,
көркімен жанды баурады.
Ақбоз үй тіккен ауылдар
кілемін төсеп шалғыннан,
ақжарқын абзал бауырлар
жарқылдап шығар алдыңнан.
Жақпар тастардың өрнегі
халқыма біткен төзімдей.
Баянның көркем көлдері
жас сұлулардың көзіндей.
Сабынды көлім салқын-ақ
тымырсық күнгі ақшамда.
Жасыбай жатыр жарқырап
сүйгізіп төсін аспанға.
Ұлылар туған бұл жерде
қаймағы болған халқымның.
Елге сын туған күндерде
байрағы болған даңқымның.
Киелі мекен бұл біздің
өр тұлға азаматы көп.
Бұл жақта туған ұл-қыздың
ұлы болмауға хақы жоқ.


Рахымы түскен Алланың
Мəшһүр-Жүсіп киелім,
пір тұтып елдің ардағын
тəу етіп басымды иемін.
Қасиетті Баянауылым –
Көгінде күліп алтын күн,
өнері өрде думанды ел.
Болашағы жарқын халқымның
мақтаныштары туған жер.
Баянтау, Баянауылым...
елімнің сенсің шың-құзы,
даласы шалқар қырмызы
жүйріктер жортқан ақтаңгер.
Қазақтың жарық жұлдызы
Сұлтанмахмұт жатқан жер,
Баянтау, Баянауылым.





Пікір жазу