05.05.2022
  204


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сағындым, аға, сізді

Əди Шəріповтың рухына
Ардақты əке, асыл жар жанұяға,
сіздей адам болса ғой əр ұяда...
Біз қиналсақ, «қарағым» деуші едіңіз,
жүрмін Сізді сағынып, Əди аға!
Құйын-заман салуда тағы лаңын,
күзгі бұлттай қонады жаныма мұң.
Сəуле іздейді көңілім, Ағалардың
алақанын, мейірімін сағынамын.
Сан сұрақтар қаумалап қамағанда,
тұңғиық боп көрінер дала, маң да.
Сирек тартып барады сондай сəтте
сүйеу болар бауыр да, ағалар да.
Тосатындай алдымнан жат аңғарлар,
қаулап өсіп келеді қатал жандар.
Жанашыры сиреген мынау елге
керек боп тұр дəл сіздей қаһармандар.
Еркін самғап шарлаған дала-түзді
құс сезуші ем өзімді қанаты ізгі.
Шақырмайтын секілді шырқауларым...
Шаршаудамын. Сағындым, аға, Сізді.
Сағындым, аға, Сізді...





Пікір жазу