Дүниеден өтті бір алып
Дүниеден өтті бір алып,
дүниеден өтті дара аға,
көсем боп, сосын сыналып,
жайсаңдықтан таймай сонда да,
кешірімді бізге мұра ғып,
мəңгіге кетіп бара ма?
Қарамай ма енді ол сонда
тербеткен өзін далаға,
өзі шырқатқан қалаға –
сыймай тұр менің санама.
Алатау, Алтай, Атырау,
Қаратау, Көкше, Қазығұрт
қайғыда бүгін жатыр-ау.
Жырақтағандай жаз-үміт...
Кемсеңдер бүгін қарттарым,
жыласа да олар жоқ айып.
Балалар тастап доптарын,
сыбырласады мұңайып:
«Қайтыс бопты, – деп, – Қонаев...»
Барласаң бүгін, саналы ел,
мейірімнен одан кім асты?
Артықтау болса «дана» деу,
кемеңгер екені рас-ты.
Жалпылдап ұшқан көп қарға
жаны мен тəні неге сау?
Төтеп бергенмен оқтарға,
жүрек те темір емес-ау,
қинамай, қимай тоқталды, ə?..
Айналам əлі қараңғы,
өмірім – сынағы жасынның.
Жазықсыздар мен адалды
жазалау – мəні ғасырдың.
Үмітпен шашым ағарды,
ағымнан жарылып шашылдым,
өкпем мен ызаны жасырдым,
арамзаларға ашындым...
«Қош, – дейді елің, – ардағым»,
асылдың орнын кім басар?
Түлектерді талай жалғадың –
далаңнан əлі-ақ түн қашар,
жасылға оранар бағымыз.
Жəннатта болғай жаныңыз!
Рухың, аппақ арманың
халқыңмен мəңгі бір жасар...