05.05.2022
  168


Автор: Фариза Оңғарсынова

Абайды іздеу

Абай аға!
Биікте ме – қайда жүр аруағың?
Құлағыңа жете ме шағым-əнім?
Көкті кезіп іздер ем – жерде мені
шырмап қойды шырғалаң шаруа мың.
Жердің беті балшық пен былық əлі,
жол табады жылпос пен ұры-қары.
Жұртың даңғой əм надан баяғыша,
мəз болады бірі-бірін жығып əлі.
Алтын шапақ шашпай тұр қырдың таңы,
аяқты алшаң басқанға құлмын тағы.
Саған дерт боп жабысқан ел тірлігі
бүгін менің жанымды шыңғыртады.
Жылымшы өмір жанымды құлазытты,
талмап-талмап тауыстым жыр-азықты.
Құдай емес, кісіден келген жұттан
шөлге айналған жерімнен құлан ықты.
Ашсам деген жұрт көзін қыран едің,
мерт еткенде сені де құба жерім,
ел етем деп тыртыңдау не тəшіме
керек екен десеңші мына менің!
Қалқиды əнің – рухыңның кептері ме,
ұстаймын деп əуремін текке, міне.
Дарыныңнан, ойыңнан бермей, маған
тек дертіңді жұқтырып, кеткенің не?





Пікір жазу