05.05.2022
  171


Автор: Фариза Оңғарсынова

Үш қара

«Апай! Сіз қай ауылда тудыңыз, ауылыңыздың аты қандай?»
(Оқырманның сұрағы)
Мен туған үш ауыл бар бұл далада,
тұрады бір-біреуі мың қалаға:
Қарауыл, Қарауылкелді, Қарасазым, –
мен үшін үшеуі де құндақ-ана.
Қарауыл – Абайымның бесік елі,
елім деп еңіреген есіл ері.
Қарауылкелдісі бар Махамбеттің,
Қарасаз – Мұқаң арман кешіп еді.
Үш Күнім. Қасіреттері мұңдай қара.
Кездейсоқ үндестік пе бұл жай ғана?
Үш ауыл – аттас əрі үш алыпты
беріпті, əрқайсысы шыңдай дара.
Табиғат өлмес ұлын қари ма отқа,
қарасам көз жүгіртіп фəни-баққа,
қаралы күндері көп ұлылардың,
құпия бір күш бар-ау табиғатта.
Мен туған ауыл бар-ды Жер бетінде,
жүз тосқам алғаш сонда желге, күнге.
Жұлдызды заңғарларын межеге алып,
ұмтылғам адам болып ержетуге.
Біреулер салып жерге, елге түрен,
жұртым бар ғұмыр кешкен кері кетумен.
Мен туған ауыл атын ақырында
өшіріп тынды əйтеуір жер бетінен.
Уақыттың ұштырмасы адуынды
картадан сүртсін менің ауылымды.
Қарауыл, Қарауылкелді – отты дала,
Қарасаз – бұлағы асау, тауы нулы
бар болса, жол бермейді жүдеуіме,
жарайды солар менің тіреуіме.
Сəнді орта сыртқақпайлап сыртын берсе,
тартармын үш киемнің біреуіне!





Пікір жазу