05.05.2022
  122


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шекспир шындығы

– Адам əділ шешімін айтқаны үшін табанда
зұлымдықтан кешірім өтінетін заманда
үлкенің де, кішің де қойған кезде ұятты,
əділетті түсіңде көретінің сияқты,
шыншылдығым, талабым үшін қаһар –
кегіңе салмай, озбыр заманым,
кешіре гөр мені де!
В. Шекспир, «Гамлет»
Саған дейін, сенен кейін сан заман
тіршілікті жалғаған.
Мен өзіңе таңданам:
сезімі мен мұңы үлгі
жырларыңа ғұмырлы
табынумен келеді əлі бар ғалам,
шабысынан танар емес,
зулауда
сен баптаған тарлан əн!
Екеумізді бөліп жатыр мың нүкте,
екеуміз де толғатамыз жыр-жүкке.
Көне далам дертті де əрі ержүрек
Джульеттаны тыңдады алғаш елжіреп
Қыз Баяны оралғандай тірлікке:
орта – адамның құндағы,
ал адамдар – ортасының құрбаны,
менің далам Офелия əнінен
Жібегінің зарын қайта тыңдады.
Сең кешеді Гамлеттей арлы ұлдар,
ойлы болсаң, өмірің де – таңғы ызғар,
соқпағыңды кешірмейді даңғылдар,
күн кешесің: артың – мұхит, алдың – жар,
осылайша Жердің нүктелерінде
қайталанар тағдырлар,
қайталанар аңыздар мен əн-жырлар.
Əр таң сайын шығарындай Күн нұры,
мұның бəрі – табиғаттың шындығы.
Жер бетінен неше заман сырғыды
түрі бөлек, бір мұңы,
заты бір де, бөлек бірақ сыңғыры.
Ойдан мəрмəр мүсін құйған мықты едің
(табынбайды жұрт тегін!)
Соның бəрін біле тұра,
өмірден,
ақиқат пен əділетті күткенің,
түске енетін шындықты іздеп шырқырап
жүрегіңді үккенің –
бұл қылығың шақшадайын басыма
кірмей қойды түк менің.
Мен де ойлардан күпті едім,
сен сенделіп таба алмаған шындықты
іздеу түгіл, күтпедім,
шарламадым төрт бұрышын құрлықтың:
дəуірімнен мұң жұттым,
ақиқат жоқ жер бетінде, қоғамда,
тек мен ғана шындықпын





Пікір жазу