05.05.2022
  134


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қаладағы өмір

Болмаса да самсаған тал-терегі,
кең болатын қазақтың арқа-жеңі.
Отын іздеп, су іздеп жүргенде де
даламыздай жанымыз дарқан еді.
Қонақты үйден қуаныш шарықтаған,
сол дəстүрден бұл күнде қалып барам.
Алақайлап жүгіріп бала біткен,
келіншектер аққудай қалықтаған.
Қонақ келсе, ырыс деп сабылатын,
өкпелейтін келмесе, сағынатын
күндерімді кім қайда ұрлап кетті
орнатқандай шуақты жаныма түн?
Енді бүгін қалада жан ұшпайды,
жат адамша сөйлейміз таныс жайлы.
Қырық ру боп онсыз да жүрген елдің
онан сайын арасы алыстайды.
Жерошағым тұрса да жеке маздап,
қонақ десе шаншады шекем аздап.
Қала үйінде кіржіңдеп күн кешеміз,
қонақсыз-ақ жынданып кете жаздап.
Қуанбаймын келсе де қымбатты адам,
мықтылармен теңмін деп құр мақтанам.
Тап-тұйнақтай тұрағым – тас сарай да,
жан дүнием – тулақтай күн қақтаған.
* * *
Ұнамасам қайтейін, ұнамайын,
шашым жұлып шекпейім бұған уайым.
Біреулерді білгішсіп сынамайын,
жүрегімнен жас бұлап, жыламайын.
Менің көңілім онсыз да – құрақ көрпе,
көтере алман біреудің былағайын.
Қуалайын сағыныш-құралайын,
жасағаннан жұбаныш сұранайын,
күн бермесе қайтейін, күн бермесін
тағдыр деген көк долы құдағайым.
Сəмбіталды сескейді мына қайың,
пəктігіңді кешпейді бұл ағайын.
Ұнамасам қайтейін, ұнамайын.
Жырмен жуып шерімді шығарайын,
мəпелейін жырымды мұрадайын.
Маңғаз Махамбетінің басын кесіп,
құса қылған елміз ғой ұлы Абайын,
жыламайын мен де құр құламайын,
ойларымды өрейін, сыналайын –
сəулелі жан шам алып іздер мені,
өзі айырар пəктік пен күнə жайын.





Пікір жазу