Өкініш пен қасірет
Сөз қадірін ұқпайтын
көшің болған өкініш.
Биліктіні ықтайтын
досың болған өкініш.
Əділетке жұғымсыз
биің болған өкініш.
Саңылаусыз, жылусыз
үйің болған өкініш.
Адамының құны жоқ
елің болған өкініш.
Дауыл соқса, ығы жоқ
жерің болған өкініш.
Ойы асқанды көре алмас
ханың болған өкініш.
Елден биік, сөзі – алмас,
дарын болған өкініш.
Ессіз болса өз балаң,
бəрінен де сол жаман.
Қайғы мүжіп, жас іреп,
сол – өлтірер қасірет.
* * *
Көп жандарды кезінде бағаламай,
сараламай, сұрыптап, дараламай,
содан кейін өзіміз өкінеміз,
бірақ уақыт тұрмайды – жаңарады Ай.
Біреулерге атүсті баға беріп,
біреулерді жерде жоқ дана дедік.
Күн туғанда, жіліктің майлы басы
болып шығар борпылдақ қара кемік.
Керісінше – баяғы нашарлары,
дегеніміз: «Оны қой – қасаң жаны»,
танытады қадірлі қасиетін,
болатындай елінің бас ардағы.
«Жаман» десе, үңілмей – неге жаман,
бас қатырмай, «жаман» деп сене қалам.
Шын бағасын кезінде бере алмаудан
өмір бойы опық жеп келеді адам.
Өткізсек те өкініп айды, аптаны,
əлі біздің таңдайға май қатпады.
Жеке бастың қатесі – елдің соры –
сүтке айналар сұйылып қаймақтары.
Жан болмаспын ғұмыры, арманы үлгі,
көп сүріндім ұмтылып таңға нұрлы.
Тағдырымнан тілерім: өтсем болды
арқалатпай халқыма зардабымды.