Жетімхана
Сəбилер үйі толы бар асылға:
кілем бе, күйсандық па, ағашың ба,
ылғи бір шытынбайтын жылы жүздер,
байлық та, мейірім де – бəрі осында.
Қыз бала ойнап тұрды алаңдамай,
сəбиге қадалмайды жанар қалай?
Даладан кіріп келген мені көріп
кілт тұрды, ұмтылды да маған қарай.
Құшағын ашатындай айқара кеп,
ұмтылып, тоқтап қалды қайта кенет.
Білмеймін дəметті ме: осы кісі
«Құлыным!» – деген сөзді айта ма деп...
«Лас, – деп ұрысса ана, –
басы, қолың»,
сəбиге ашуы да асыл оның.
Жүректің бар жылуын саусағына
жиып ап кім өреді шашын оның?
Айналып Айға теңеп, Күнге теңеп,
«Тұра ғой, киіне ғой – жүр, көкелеп»,
жайраңдап жанына ертіп ертең оны
мектепке апарады кім жетелеп?
Кейбіреу құм шашқанмен елге, тілге,
сүйкімсіз сəби болмас жер бетінде.
Булығып мен өзім де тұрып қаппын,
білмеймін ол жетім бе, мен жетім бе...
Қадірлі ем қазақ деген құндағыма,
ұрпаққа ұл да мұра, жыр да мұра.
Лақтырған өзін күлге сол əйелдің
татымай тұрғаным-ай тырнағына.
Білмейді ол ана тілін, əкесін де,
адам ба, əке əлде зат есім бе?
Көрмеген ешқайсысын, қайдан, қалай –
қалып жүр – «папа» деген ат есінде?
Жарқ етіп анам бір күн келе ме деп,
құйттай қыз бір үмітке сенеді ерек.
Балаңа бере алмаған жан жылуың
дүниеде кімге керек, неге керек?!
Шаршадым шалқып айтар жырым қалмай...
Қаншама қайшылықтар ғұмырда, Алла-ай?!
Бес жасар бүлдіршін қыз. Жетімхана,
ішінде шыбын тайып жығылғандай.