05.05.2022
  238


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бала

Бала сүйсең, жаныңда таң атады,
сəбисіздің жазылмас жара табы.
Жақсы бала дос-жарды сүйсіндіріп,
жаман бала жауыңа талатады.
Əке, шеше болу да – сынақ қатал,
уын, балын күліп те жылап татар.
Жақсы бала алысты жақындатып,
жаман бала достан да жырақтатар.
Бала өсірсең, өміріңнің сол тірегі,
байқалмайды балаңның олқы жері.
Жақсы бала жоқтатпай жоқтығыңды,
жаман бала тірілей өлтіреді.
Баласызда Күн нұрсыз, жылдар мұнар,
өзге мұраң – тайғанақ, шыңнан құлар.
Жаман бала төбеңнен жай түсіріп,
жақсы бала жасартып нұрландырар.
Түсіп талай бала үшін иірімге,
қорланбайсың біреуге иілуге.
Бұлт пен шуақ секілді жаныңа нəр
балаң үшін күю де, сүйіну де!
* * *
Халық деген – тылсым бір:
төзімі де теңіздей,
сезімі де теңіздей,
шалқарлығы даладай,
дархандығы баладай.
Қайраты оның – қыл шылбыр,
қырқылмайтын – бір шынжыр;
Халық жады – шежіре
қара тасқа қашалған.
Сенім сөнсе, қашаннан
жанартаудай кегі де.
Түспей тұрса жерге аспан,
уақыт айтар: тарлан кім,
залымдар кім, заңғар кім.
Ел кектенсе шер басқан,
өктемсіген хандардың
жалтыр маңдай бастары
домаланып қалған мың.
Халық – селдің шыдамы
таусылғанда, бұлқынар,
кек тасқыны ұмтылар,
тас пен тақты күл қылар,
сонда ғана халықпен
ойнағанға күн туар!





Пікір жазу