05.05.2022
  312


Автор: Фариза Оңғарсынова

Түстер

Болатын аппақ түстер көңіл ашар.
Жасыл түс – жасыл дүние төрін ашар.
Айбары сескендірер еді жұртты
ұстаса қара дойыр қолына шал.
Қызыл түс қыздай еді жаудыраған,
бұл күнде басқа арнаға ауды ғалам:
ағы – ақ, қызылы да – қызыл емес,
қалмаған жан талғамы сау бір адам.
Мырсылдап келін жылап, ана жасып,
бала жүр əкесімен жағаласып.
Дүние əлем-жəлем болып барады,
ақ жолақ, қара жолақ араласып.
Жақтырмай жасылды ма, қараны ма,
дүниенің іші-сырты ала-құла.
Алапес тіршілікте бір сатыда
адамның жақсысы да, жаманы да.
Табиғат – алуан түсті асыл кілем,
аласыз əр түске де басымды ием.
Жалғанды жарқыратар түстер қайда:
ақ, қара, көк пен сары, жасыл, күрең?!
* * *
Кеудеңе кек келгенде,
төріңде ой жатпайды.
Қанағат кеткен жерде,
қиянат ойнақтайды.
Астамдық жапса түндік,
ақыл-шал босады үйден.
Шыңғырып жатса шындық,
шүкірлік қашар үйден.
Шашылса сөзің желге,
топастық тамсанады.
Туралық көз ілгенде,
жалтақтық əн салады.
Əділет қалса апанда,
тайраңдар тоқтышағы.
Оранса Ар шапанға,
адалдық оққа ұшады.
Көрікті күл қылады
зорлықтың өрт құшағы.
жер беті – қырғын əлі,
жұмақтың жоқ нышаны.
* * *
Таңданам бастықтарға бұл күндегі,
аумайды-ау бірі бірінен шіркіндері.
Отырыс-тұрысы да айнымайды,
ұқсайды тіпті күбір-күңкілдері.
Жас қораз біздің үйдің түндігінен
айқайлап шығаратын күнді кілең.
Соңында – балапан мен тауық біткен
туғандай бəрі соның кіндігінен.
Болатын біздің қораз батыр керім,
басқалар татпауға да бақұл жемін.
Келеді сол сурет көз алдыма,
көргенде бүгінгінің əкімдерін.
Естіні есірікке жығып беріп,
қарайды ел ақылдыға күдіктеніп.
Ойлылар от басында, əлгіндейлер
əйтеуір əкім болады іріктеліп.
Қарамай ой мен жанның кеңдігіне,
серке деп секірмеге ел ерді, міне.
Ел бастар əкімдерің мəңгүрт болса,
іриді елдің содан елдігі де





Пікір жазу