05.05.2022
  145


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ерме

Сөзге ермес жолдас. Ол да – арман,
ермеден басыңды алып қаш.
Өзіндік пікірі жоқ жаннан
адамдық шығып жарытпас.
Тіккеннің жұртқа құлағын
адалдығы да күмəнды.
Күн туса дайын бұларың
нанды аттап алуға Құранды.
Ондайлар таймас, тайсалмас
үндемей тастауға өрт іштен.
Қиянат жасаудан жасқанбас
жұрттың сөзімен тон пішкен.
Ерменің жайы жұртқа əйгі,
сен одан елдік салт күтпе:
өлтірсең де, одан шықпайды
мəніс білу де, мəрттік те.
Сөзі мен серті бораған,
болмысы бейне күн қысқы.
Өзіндік пікірі жоқ адам
қылмыскерден де қылмысты.
* * *
Жақсылар жаман болып шықты бүгін.
Тұнжырап тұрып алды бұлтты күнім.
Əулие дегендерім арамза екен,
салды ма біздің елге жұт құрығын?
Айналды жын-ойнаққа құт тұғырым,
менің де жалған екен мықтылығым.
Қарақшы болып шықты көсемдерім,
бəрін де киелімнің жұтты жылым.
Айналды ақтың бəрі шойқараға,
бұл жайлы ешкім бірақ ойлана ма.
Сүттен ақ болып кетті қап-қаралар.
Қойшылар – жиналыста, қой – далада.
Білмен бұл аш ғасыр ма, тоқ ғасыр ма –
біреу бай, біреу аштан от басуда.
Əйелі қап арқалап, базар кезіп,
күйеуі пысылдайды от басында.
Екі адам басын қосса, у ішері,
музейде əкеміздің күміс ері.
Келін мен ұл қатарлы қонақ келсе,
ата-ана бір бұрышта бүріседі.
Ұл өссе, өмір кешпес ана жайлы –
жеткесін қолы аузына бала қайғы.
Телміріп жаутаңдаса алушылар,
сатушы қасқыр иттей абалайды.
Келін – би, қалмай ата-анада айбын,
бірдей ғып нұр шашуға сараң Ай, Күн.
Сұңқарлар шалшық суды шалпылдатып,
шортандар басында отыр қарағайдың.





Пікір жазу