05.05.2022
  119


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тойымсыздық

Мал бағып, нан таппаймын терек егіп,
дүниенің тегін нəрін келем еміп.
Араным ашылғандай тойымсызбын –
мен осы жүргем жоқ па кереленіп?
Тойымсыз құлқыныма жем түгендеп,
зар қағып, байлық қуып ентігем кеп.
Дөңбекшіп жер де жиі тулап жатыр,
аспаннан аяғыңды келтірем деп.
Дүние басы айналып тұр ма адасып,
шаң жұтып жатыр сұлық қыр да жасып.
Дəл менің аранымнан қорыққандай,
барады Жер бетінен су да қашып.
Билік пен баю болып алар үлгім,
мейрімсіз мансаптыны аға қылдым.
Баяғы ар мен ұят, адалдығым
құрбаны болды ашылған аранымның.
Білемін: мұның бəрі – жат арыма,
Құдайдың қалам бір күн қаһарына.
Өзіме келмейді əлім. Түбі асылы
құлармын құлқынымның апанына.





Пікір жазу