04.05.2022
  297


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мансап үйі

Мансап үйі – қақпақты қыш құмыра,
енсең орар рақат ыстығына.
Өскен сайын мансаптың баспалдағы
соғұрлым мол былығы, бықсығы да.
Ардың мұнарасы деп ығында ықтар
ұғынатын бұл үйді бұрын жұрттар.
Ізгілік деп жар салып, ал өзінен
тарайды екен айла мен зұлымдықтар.
Онда орын жоқ бұралқы адалдарға,
адалдықты ту етер заман бар ма.
Мансап үйі түшкірсе, «жəрекім» деп
жығылғандар жақындап барар ханға.
Түкке тұрмас еңбегің – киелі ісің,
ісің еленбейтінін түйеді ішім.
Өзіңді адам сезініп жүру үшін
болуы шарт бір дөкей сүйенішің.
Онсыз аттай алмайсың қарға адымға,
қажет емес ісің бе, салмағың ба.
Мансапты орта септейді əр адамды:
«Мынауыңның кім тұр, – деп, – əр жағында?»
Онда əркімге бұйырмас төр іргесі:
жерлес, туыс... ерсі екен мұның несі?!
Қылмысы ортақ жолдасы, ең аяғы
күні түсер біреудің көңілдесі.
* * *
Қызғаныш пен зұлымдық –
бақытсыздың құзыры.
Серігі сол ғұмырлық,
жоқтай өзге қызығы.
Тыныштық жоқ, маза жоқ
бақытсыздың жанында,
ішін өртер азап от
шарпығандай жалынға.
Талқан етер тасты да
қызғаныштың улары.
Зəр шашсам деп жақсыға
шырылдайды қу жаны.
Талайларды көлбетті,
арам, шірік ойы да.
Ызалансаң, ол дертті
жұқтырасың бойыңа.
Сыртымнан оқ атты деп
сен де садақ толғама;
адалдық пен ақ тілек –
қос қорғаның сол ғана!
* * *
Иман жайлы кей имам салар үнге,
жұрт ұйиды көзі де, сөзі де ұнап.
Хафиз ақын айтқандай, ал өмірде
имандылық дегеннен өзі жырақ.
Мұсылмандық жайласа бетін жердің,
құрбандыққа шалардай жанын қазір.
Баспақ беріп, орнына жетімдердің
өгізін алуға əзір.
Сол имамдай, саясат қуғандар да,
сөзбен жұмақ жасауға шебер бəрі.
Үміт артқан адал ел қу жалғанда
соларға сенер де əлі.
Сенер халық, қалса да арандап мың,
алдаушы, рас, бір күні құлайды анық.
Басын əбден қатырды адамзаттың
жер секілді тарих шыр айналып.





Пікір жазу