Зәрулік
Тыным таппай, арылмай жаның жүктен,
барған сайын жылыстар таңың күткен.
Жайлы өмірге талпынған Адам шіркін
құтылмайтын болды бір зəруліктен.
Адамдыққа зəруміз, сабынға да,
мейірім жоқ. Ойымыз – қарын ғана.
Өмірінің бар мəні – өз сəбиін
күлге лақтырып бұл күнде қағынды ана.
Бас бұрғызбай уақыттың даң-дұңдары,
қия шабыс өмірің арды ұрлады.
Желге ұшқандай жоғалып бара жатыр
жібі түзу, жөн білер жанның бəрі.
Шынайы емес менің де мəнім, ісім,
ұмтылысым жоғалды, сағынышым.
Зəру затқа айналды соның бəрі.
Кейде жоғымды іздеймін жанып ішім.
Табылмайды. Сандалып сенімді үгем,
жоқтамасаң күн көру жеңіл, білем.
Басқаларда бар ма деп келем іздеп
менен көшкен қасиеттерімді мен.
Мен секілді зəрулер мың сан екен.
Сергелдеңнен сенімім сынса не етем.
Мəніс білер жандарды табу үшін
қайда, қандай кезекке тұрсам екен?
* * *
Мен осы не істесем екен бүгін?
Жатқандай мəнсіз өтіп бекер күнім.
Жүйріктің құйрығындай ғұмырымда
жанымды жаңбырлатқан жетер мұңым!
Жалғанды жарқыратып күміс қары,
тағы бір жыл-жапырақ тұр ұшқалы.
Бұл күнге жетпей кетті қаншама адам,
қанша жан бір-бірімен ұғыспады.
Осының бəрінен бір сабақ алмай
жүруім қате менің тағы адамдай.
Дүниеге жүрегімнің бар қызуын
шашсам ба, өз-өзімнен дараланбай?!
Əлде мен іні-сіңлі – жас қайыңға
аппақ қар ақ сезімдей жақсы айымда
Төлеген, Мұқағали армандаған
бір тойды дүрілдетіп бастайын ба?!
Өмірдің кеше алмаған кең өткелін
жақсылар жүретіндей жебеп керім.
Солардың барлығы үшін
бұл жалғанда
бір жарқын іс қылуым керек менің!
Отырған құсқа ұқсамай торда шерлі,
ертіп ап əн мен жырға жолдас елді,
қар басқан Алатауымның көкірегін
думанға толтырмасам болмас енді!