Көңіл
Аспан шəйдай. Жанымда қырық қайғы.
Күн де майдай, ал мені жылытпайды.
Тайлы бие сауғанның сабасындай
көңіл тақ-тұқ. Ішті ыза шыбықтайды.
Аз халқымның тағдыры жыртық əлі,
бұғалықты бестідей бұлқынады.
Кей сабазым ел атын қалқан етіп
жаттан ұпай жинауға ұмтылады.
«Саналыға бұл өмір неге түрме?!»
Жан сиреді жаныңмен сенетін де.
Сайдан сая таппаған сайғақтайын
ойлылардың тағдыры жел өтінде.
Сана ойқастап, сезімім қалжырады.
Тартылуда мəнімнің нəр-бұлағы.
Тамырымен қопсыта қопаруда
шалғынымды уақыттың шалғылары.
Жүрегімді ырситып ой күредім,
тілімді алмай десем де: «Қой, жүрегім!»
Қасаң орта көсілтіп құшағымды
жаздырмай-ақ əйтеуір қойды менің.
Жырым – жалаң. Жерім – өрт,
жұртым – күлгін,
жұтқанға мəз у балын сылқым түннің.
Күліседі: «Ел жүгін көтерем деу
не тəшіне керек, – деп, – бұл шіркіннің!».
Сүлдерімді сорады жұтқан қайғы,
сезем: жанға, шарқ ұрмай, ықтау жайлы.
Жүрмін жерден ықтасын таппай əлі.
Аспан ашық. Жанымды бұлт торлайды.
* * *
Қалмады сөзде қадір, тілде кие,
ер сиқы болар дейтін іргеге ие:
би – мылқау, халық – аңқау, жігіт – сидаң,
көсемдер бірде бие, бірде түйе.
Кейбіреу кердеңдейді күнде байып,
сол байлық тексізге ме – кімге лайық?
Күштілер кісі өлтірсін – Күндей таза,
адалдың тұрғаны – айып, жүргені айып.
Сыйыспай кең аспанға, кең далаға,
біреу жүр ер болам деп елде дара.
Əңгіме қоғамда емес, қоғам деген –
жасырар билік құлқын перде ғана.
... Сен бірақ көрме ештеңе – жерге қара!