04.05.2022
  148


Автор: Фариза Оңғарсынова

Үйім - менің отаным

Үй – сарай өткізердей хандар күнін
(мұндай жай – біраз жұртқа арман бүгін),
сыңғырлап бұлақ үні, Күн əйнектен
төгеді біздің үйге таңнан нұрын.
Балкон ба? Балкондағы елес бөлек!
Гүл мұнда жайқалады ерекше бек.
Ойлайсың осы жерге орман-дала
біржола көшіп келген емес пе деп.
Бөлмеден сəби күлкі шашылса – құт,
төменгі көршілердің басын шағып,
жүреді біздің үйдің патшалары
қырдағы қозы-лақтай асыр салып.
Бəрі үйде: ас, су, кино, білімің бе,
қонақ жоқ келіп-кетер мыңы күнге.
Үйіңе бір енгесін, қияметтей
далаға қайта шығып, кіруің де.
Көршімен отырмаймыз сыр ағытып,
үнсізбіз – қойғандаймыз сына жұтып.
Уақыт жоқ амандыққа кей көршінің
жүреміз түсін ғана шырамытып.
Туса да қилы-қилы басыма күн,
осында сан қуанып, жасығаным.
Əйтеуір бір рахат күтетіндей
мен ылғи ошағыма асығамын





Пікір жазу