Қызыл тымақты қыз
Тиіннің мамық тонына
оранып апты анау бақ.
өртеніп жырдың шоғына
келеді жігіт алаулап.
Ақынның жаны Күнге асы,
ұйқыға батпас басқа ұлдай:
сəріден жырмен сырласып
көшеде жүрді жас Сырбай.
Жастықтың əні қашаннан –
тыным жоқ қолға қонса да Ай.
Сенімге тұнған жас арман –
Қызылорданың сол шағы-ай!
Ақынның кейде жаны – ағын,
кей сəтте – қажу, суалу.
Кенеттен қадап жанарын
жанынан өтті бір ару.
Қып-қызыл тымақ, түн-жанар
тұманды əлемге батырды;
бұл оқтан аман кім қалар –
жаралап кетті ақынды.
Азапқа түсіп қалды өрен,
ақыннан өзге көнер кім?!
Ол əлде келген таңменен
періштесі ме екен өлеңнің?
Өтсе де шақтар солар гүл,
кетсе де ақ қар, жаңбыр күз,
жүректе əлі сонау бір
қызыл тымақты балғын қыз!
* * *
Жан дегенің немене?
Жақсы көру, жек көру...
Қиял бір күн келе ме?
Түбі əйтеуір – текке өлу...
Ішім толған бір дауыл,
шыдатпайды жартасы.
Айтқан сөзім – кіл жауыр,
ойларымның қаңқасы.
Бұрқанысын жанымның,
сезімімнің селдерін
ұғар, көрер бəрін кім?
Қалай шығар мендегі үн?
Жан дүнием бір əлем,
сыртым – соның елесі.
Айтып тұрған мына өлең –
мұқалған бір жебесі.
Ішкі əлемін адамның
көрсете алар күш бар ма?
Тұңғиыққа қамалдым,
осы ойларым қысқанда.
Жан ағысын берерге
жетпес тілдің шамасы.
Бұл дүлейді жеңер ме
адамзаттың баласы?
* * *
Табиғат, адалдарға жанашыр ма ең?
Өзіңді теңеуші едім бар асылмен,
ендеше аспанымнан бұлттарды қу –
шуақ құй даламызға нан өсірген!
Қу анау қара бұлтты күнді жапқан,
тынбасын құстар үні түнгі бақтан.
Бұл дала нан өсірген, бала өсірген,
мыңғыртып мал суарған Мыңбұлақтан!
Тарихта тартылғандай бұлақ кенет,
қыр елін талай дауыл сынапты егеп.
Нөсерлер селдетпесін жер-құндақты –
нанға да, балаға да шуақ керек!
Даламды тұман басса, мұңайды ажар,
қамығып жабығымнан Күн, Ай қарар.
Мейірім, шуақ-сенім аяласа,
дала да, адамы да шырайналар.
Көрмесін дала көктің бұлты-жасын,
ақындар ақ сезімдей жыр құрасын!
Қып-қызыл дəнге толып қырмандарым,
нан иісі кең даламда бұрқырасын!