04.05.2022
  133


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ақкенженің өсиеті

Сыр бойында «Ақ əже» атанған Ақкенже кемпірдің өсиет
өлеңдері ауызекі тарап кеткен. Жоңғарлардың кезекті бір
шабуылынан кейін əлсіреген елдің ішкі жағдайына байланысты
жиналған «Билер кеңесі» үш күнге созылып, бір келісімге келе
алмапты. Сонда Ақкенже келіп, былай депті:
Мұқатып бір-біріңді сынап, мінеп,
шетіңнен шіренесің бұғақ тіреп,
осынау атамекен аймағыңды
тастауға дайынсыңдар бір-ақ күреп.
Жатқандай бөлісе алмай бар мұраны,
айқайдан дауыстарың қарлығады.
Бірлігің шіл боғындай бытыраса,
сол ғана дұшпаныңның аңдығаны.
Анталап аш бөрідей тұр жауларың,
қоғадай қызуы жоқ құр қауладың.
Еске алмай ер бірлігі – ел бірлігін,
тақ тору, билік құру – жыр-дауларың.
Айбынды азаматың елмен көркем,
зауалы жазалайды сендерді ертең.
Ерлерден бірлік кету – ел-жұртыңды
жауыңа өзің ұстап бергенмен тең.
Қабан да, қаһар сезсе, тартар басын,
елдікті ұмытқанды ар қарғасын.
Қара күш аңда да бар, күшің емес –
жауыңды тұтастығың талқандасын!





Пікір жазу