04.05.2022
  151


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өлген ойлар

Дүние ғапыл, өткінші тағдырың-ай,
кім шығарған жалғанда заңды бұлай?
Болды-толды, өмірден өтті-кетті...
Жер бетінде жүрсе етті жан құрымай.
Көзім салсам төмпешік, обаларға,
түседі еске екі өмір жоғы адамда.
Қоғамдар да, тəңірдей тұлғалар да
құм құйылған обадай жоғалар ма?
Адамды өмір мамыққа орағанда,
мəңгілік деп қарайды о дағы алға.
Құлағанын құрдымға қалар сезбей
бір күні ажал-қарақшы тонағанда.
Ұқсайды өмір – пенде ме, ерен ер ме –
мұхиттардан оралмас кемелерге.
Мəңгілікке маздатып от беретін
мəңгі Күндей ғұмыр жоқ неге жерде?
Бұл баянсыз ғұмырдың өкінерім –
жоқ па бір күш əперер соты, кегін?
... Обалардан қайысқан жер секілді
өлген ойлар сірескен көкірегім.
* * *
Менің құйттай далам-ай!
Перзенттігім рас болса, қалай өтем қарамай,
көлің мынау шарадай,
тауың асқақ ел сүйенер ағадай.
Аяқ бассам, молалар мен обалар
жəне жатыр жағалай.
Көзбен көріп, оймен шолып даланы,
жүрек көзім талады,
сарғайтамын, шаршатамын сананы.
Тірлігімнің тегершігі шиқылдап,
қырылдайды домбырамның сағағы.
Көк жүзінде мен ұмтылған мəңгі Күн
жылдарымды домалатып барады.
Күн алаулап, түнгі көкте Ай жанып,
тылсым күштер түнектерге қайралып,
біреу жүдеп, ал біреулер айла ғып,
қылымсиды-ау мынау жалған сонда да
екі езуі майланып.
Мен өзім де, ойларымдай бір күні
қалар ма екем обаларға айналып?..
* * *
Ойнап келген баурап ап бір нұрлы үміт,
талай ойды өлтірдім қылғындырып,
саусақ жайып сəбидей ұмтылғанда
тұншықтырдым, көкірегім – шынжыр, құлып.
Ол тыпырлап жан беріп жатқанында
жаным жылап, өңіммен тұрдым күліп.
Сəби-ойлар шырылдап маза бермей,
шетінеуде күн көрмей, дала көрмей.
Соның бəрін жүрегім жатыр жұтып
қанға, өлімге тойымсыз қара жердей.
Ойларымның өлігін үйген сайын
мен өзім де қалам тек əрең өлмей.
Кеудем – көгал көгершін-жыр ұшардай,
сезім – сəуле шашатын нұры шамдай.
Сана – дұшпан, жүрегім – көзсіз батыр,
келеді əлі бір-бірін жығыса алмай.
Жан дүнием арпалыс, қантөгісте,
əзір оған тумай тұр ұғысар жай.
Адамзатта іс туар ойдан алып.
Тұла бойым – кереғар, ойран. Анық.
Қапелімде шапқандай ашкөз арлан
кең қораға тұрғанда қой қамалып.
Бұл қайдағы дүлей күш сұсы басым
ой тууға еркімді қойған алып?
* * *
Мені пəк деп жүрсіңдер, таза жаны,
ақ бұлақтай мөлдір деп ғажап əні.
Биліксіз жұрт, бас шайқап қоясыңдар
білмей жүр деп қадірін қазақ əлі.
Ел елемей, жүр деуге дос ұға алмай
(бір басымда жоқ əзір шошынар жай).
Қадірімді білгенде мен шіркінге
артық ақыл, даналық қосылардай.
Сене бермей жылауық жырға, сірə,
көз салыңдар ісіне, тұлғасына –
мен дегенің кəдімгі күнəһармын,
қылмысым көп жететін бір басыма.
Періштесіп, адалсып жүргеніммен,
созған болып қолымды Күнге күлген,
ой-баламның талайын тұншықтырып,
бүрісемін тышқандай інге кірген.
Ойларымды өлтіріп жанын құрттым,
содан қанға тойымсыз мəнімді ұқтым.
Оған куə жүрек пен арым ғана,
олардың да қаншама тауын жықтым!
Туғызуға ойымның жалқыларын
ұятсындым, қорықтым, қалтырадым.
Сəбилерін жерлеген ана сынды
жер бетінен жай таппай шарқ ұрамын.
* * *
Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым,
арайдан үміт тұнған тарайды ағын.
Шашыңдар шуақтарды, кеуде-ұядан
қияға қанат қақсын сан ойларым!
Шыр еткен ойларым тең жас баламен,
ойларым жырдың нұрын шашса деп ем.
Адамдай, қажет екен оларға да
құндақ жер, күн шуақты аспан, əлем.
Алайда ə дегеннен шашпай жақұт,
шыңдайды перзенттерін, баптайды уақыт.
Кемесін жарға соққан жандар қанша,
өз орнын, өз бағасын таппай жатып.
Шыдамай мезгіл атты құйын-желге,
толқынын теңіз-өмір үйіргенде,
қанаты балаң ойдың қайырылып,
қаз басып қалуы да қиын жерде.
Шаш мəңгі шуағыңды, Күн қайнары!
Суарсын мейірімнің нұрлы аймағы.
Онсыз да қыран қанат қатайғанда,
шыңдардың дауылдары шыңдайды əлі!
Ойларым – елім, тілім, ар-намысым,
шығады солар үшін жан дауысым.
Қыран да қара жерден жылу алар
мəңгілік қияларға самғау үшін!
* * *
Ішімдегі ойларды тот басуда,
оны аршитын ешкімім жоқ қасымда.
Жарқылдатып шуақтай шашар едім –
мен де, олар да түсеміз отқа, суға:
ойы жоқтар ойлыға үкім айтып,
шеттерінен шебер-ақ оттасуға.
Жырақ шығып күнделік құр дүбірден,
жарқылдайын ойыммен – шындығыммен.
Мұңсыздықтан адамзат кердеңдейді,
көмкерейін жан отын мұң жырыммен.
Ақиқаттың əуезін естіген жұрт
сырт айналсын алдамшы былжыр үннен.
Өткіншіге, ойланбай, құр алданып
жүргендері өзімді сынар да анық.
Мезгілдердің тотынан ойды аршымай
болмайды екен отырсам құр арбалып.
Қасаң тартқан тірліктің көк қоржынын
түбі, əйтеуір, шындығым шығар жарып.





Пікір жазу