04.05.2022
  141


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қыран жандар

Дала десе қиқулап құлан-жаным,
дүбір сезген тұлпардай тұра алмадым.
Жұлдызын да жасырмас аспанынан
көргім келіп кетеді қырандарын.
Жоя алмастай жауыны, нөпір желі
ноқаттың да орны айқын бетіндегі
дала аспанын бұрында темір топша
қыран құстар шарлайтын секілді еді.
Сол көрініс құйғандай қылаң шабыт,
құштарлығым қоймайды ұран салып:
қара жерге көз салып көк аспаннан
бір самғасам деп едім қыранша ағып.
Қыран қайда шарлаған дала аспанын,
естілмей ме ешқандай адасқан үн?
Қанаттыға тұғыр ең, қайран дала,
қыраныңды қалайша аластадың?!
Жоқ, жоқ, көңіл, суалма өртті басып,
аспан кезіп іздеме жоқты жасып,
қыран жандар қырлардан қиял жасап,
дала даңқы шалқуда көкті де асып.
Кең дала да аспандай өрнегі Күн,
дауыстасам жоғалған желмен үнім.
Көктен бекер іздеппін қанаттыны –
қырандардың мекені жерде бүгін...





Пікір жазу