04.05.2022
  223


Автор: Фариза Оңғарсынова

Киіз үй

Киіз үй... Көп болыпты-ау кірмегелі...
Сығалап түндігінен күн кемері,
жаныма бір рахат əкелетін
жұпары боз жусанның іргедегі.
Үй, дала – нəр алуға қос анамнан
тағы да келем аттап босағаңнан.
Баяғы шаңырақ – күн сəулесіндей,
алдымнан тағы менің тоса ма арман?
Кідірдім босағада.
Төрге өтпедім.
Келгендей көмейіме жөргек демім.
Жұтыпты жүйрік ғасыр сенен жырақ
қызыңның үкі таққан он көктемін.
От шашып жанарынан, шыдам жылап,
белдеуде елеңдеп тұр бір арғымақ:
бір сергіп қалсын деді-ау қайран ауыл,
тəуекел! Əзер болса тұрам құлап!
Жеңеше, шилерді ысыр, түр іргені –
кеңітсін, кеудемді ашсын іңір желі!
Шалқиын шабыттанып,
жүргенімде
тас үйдің тарлығынан түңілгелі.
Кеңістік. Білмейтіндей жасқауды құр.
Жер – киіз. Шаңырақ – көк. Жақсы-ау ғұмыр!
Шаршап ем ылғи жерге тұқыртудан -
еңсеммен сезейінші аспанды бір!





Пікір жазу