04.05.2022
  112


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ертегі елестері

Кеткелі жастық күндер желікпелі,
бір аңсау жанымды жеп мені үккені:
сендерді көрсем-ау деп армандаймын,
əкемнің үзеңгілес серіктері.
Əкесіз өтті күндер айнымалы,
табардай өздеріңнен бай мұраны
асығам, сендерге əкем ұқсайды-ау деп,
шешеме ат қойғызған қайнылары.
Ойлаумен ұрпақ қамын, уақыт қамын,
табардай қызыл тудан бақыттарын,
күресте есейгендер
тəтті-ащының
бозбала күндерінде-ақ татып дəмін.
Бас емес, бар мұратың – елің, жерің,
(пенделік күйбеңі екен менің «кегім»),
ақиқат өткелінде табыстырған
сендердің бір-біріңе сенімдерің.
Торласа көкті қошқыл бұлттар егер,
ел үшін дұшпан қанын ұрттап өлер.
Бара алмай алдарына, азап кешкен
сөз беріп, уəдесінен шықпаған ер.
Көңілін алаң етпей тақ та, би де,
сый тұтқан ақсақал ма,
жат сəби ме.
Түйілсе,
күміс сапты қамшысымен
бір тартып қарагерін тартқан үйге.
Жырақтап жарау атты тақымдар күн,
бұл күнде біле бермей атыңды əркім,
əкемнің жолдастары, жүрсіңдер ме
көзіндей ертектегі батырлардың?





Пікір жазу